Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Massaget-ке өткен жылы елдегі коммуналдық дағдарысты игеруге бөлінген 400 млрд теңгенің қалай жұмсалғаны туралы есеп берді.
Айта кетейік, бұл қаражат 2023 жылы жылумен жабдықтау және сумен қамту жүйелерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен бөлінген еді. Министрліктің мәліметінше, өткен жылы бөлінген нақты қаражат көлемі – 385,7 миллиард теңге. Оның 116,7 миллиард теңгесі жылумен жабдықтау жүйелерін жаңартуға, ал 269 миллиард теңгесі сумен жабдықтау және су бұру желілеріне жұмсалған екен. Тіпті қанша шақырым құбыр жөнделгенін көрсеткен.
"2023 жылы республикалық бюджеттен 6 мың шақырымға жуық жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілері жаңғыртылды. Оның ішінде 132 шақырым жылу желісі, ал 5 800 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері жөнделді", – деп атап өтті министрлік.
Министрліктің жауабында мұндай көлемді қаражатты әкімдіктер республикалық бюджеттен сұрап отырғаны айтылған. Оны да тозығы жеткен коммуналдық желілерді жөндеуге жұмсамақ. 2024 жылдың соңына дейін, яғни алдағы үш айда, коммуналдық желілердің тозу деңгейін 49%-ға дейін азайту қажет екенін көрсеткен хатта.
"2024 жылғы республикалық бюджетті нақтылауға әкімдіктер 448 жобаны (жылумен жабдықтау – 66 жоба, сумен жабдықтау және су бұру – 382 жоба) іске асыру үшін қосымша 364,5 млрд теңге сұрады. Оның ішінде жылумен жабдықтау үшін 98,5 млрд теңге, ал сумен жабдықтау және су бұру үшін 266 млрд теңге қажет", – делінген министрлік жауабында.
Бөлінген қаражат елдің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталғанмен, жылу жүйелеріндегі тозу мәселесі әлі де толық шешілген жоқ. Қазақстанның төрт аймағындағы жылу желілері әлі апатты жағдайда. Жауапты ведомство бізге олардың тізімін берді.
"Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің ең жоғары тозуы Павлодар (67%), Қарағанды (63%), Шығыс Қазақстан (61%) және Ұлытау облыстарында (60%) сақталады. Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуын азайту жөніндегі бекітілген Жол картасына сәйкес, 2024 жылдың соңына дейін 2 727 км инженерлік желілерді жаңғырту қажет (жылумен жабдықтау – 394 км, сумен жабдықтау және су бұру – 2 334 км)", – делінген министрліктің ресми жауабында.
Бұл көрсеткіштер аталған өңірлердегі инфрақұрылымның қауіпті деңгейге жеткенін айғақтайды. Қаражаттың бөлінуіне қарамастан, жылу және сумен жабдықтау желілерінің тозуы ең жоғары деңгейде сақталып, мәселенің шешілуі шұғыл әрекетті қажет етеді.
Қазақстанның энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға арналған ұлттық жобаның құны – 10 триллион теңге. Бұл қаражат бүкіл ел бойынша жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңартуға бағытталады. Жоба аясында 1,9 мың км жылу желілерін, 5,3 мың км сумен жабдықтау желілерін және шамамен 3 мың км су бұру желілерін жөндеу және жаңғырту жоспарланып отыр. Қаржыландыру мемлекеттік бюджеттен, Ұлттық қордан, сондай-ақ халықаралық және отандық қаржы институттарынан тартылады.
Еске салайық, Қанат Бозымбаев коммуналдық жүйені жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруға 10 трлн теңгеден астам инвестиция қажет екенін бұған дейін де айтқан болатын. Бүгін ол Tengrinews-ке берген сұхбатында жобаның қашан, қалай аяқталатыны туралы сұхбат беріп, қауіпті жағдайда тұрған моноқалаларды атап өтті.
2022-2023 жылдары орын алған бірнеше ірі апаттар елдің жылу инфрақұрылымының әбден тозғанын айқын көрсетті.
Екібастұздағы төтенше жағдай
2022 жылғы қараша айында Екібастұз қаласында орын алған апат ең үлкені болды. ТЭЦ-дегі ақаулардың салдарынан қаладағы 150-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар бірнеше күн бойы жылусыз қалды. Қалада төтенше жағдай жарияланып, апаттың себебі тозған жылу жүйелері мен техникалық қызмет көрсетудің жеткіліксіздігін айқындап берді.
Риддер: 22 мыңнан астам тұрғын үй жылусыз қалды
Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласында да бірнеше ірі апаттар болды. 2022 жылғы қарашада ТЭЦ-дегі апат салдарынан 22 мыңнан астам тұрғын үй жылусыз қалды. Қала халқы жыл сайынғы апаттардан шаршағанын айтып, билік органдарына наразылық білдірді. Жылу жүйелерінің ескіргені анықталды.
Балқаш пен Ақтау: мәселенің масштабын көрсетті
2023 жылғы желтоқсан айында Балқаш пен Ақтау қалаларында да жылу желілерінде апаттар болды. Балқашта құбырдың жарылуы 75%-ға дейін тозған жылу желілерінің жағдайын көрсетті, ал Ақтауда қаланың жартысы жылусыз қалды.
Ақтау мен Атырау: су мәселесінің де өзекті екені анықталды
Ақтау: Қалада Каспий теңізінің суын тұщыту мәселеге айналды. Алайда су тұщыту қондырғыларының тозуы мен техникалық ақаулар бірнеше рет ауыз су тапшылығын туғызды. Су қондырғыларының қуаттылығы жеткіліксіз болып, қала тұрғындарына су тапшылығы жиі байқалды.
Атырау: Жайық (Урал) өзенінің суын пайдалану мәселесі қыс мезгілінде ушығады. 2023 жылы өзеннің қатуы салдарынан қаладағы су қабылдау станциялары істен шығып, тұрғындар сусыз қалды. Бұл су жүйесінің ескіруі мен техникалық қызмет көрсетудің жеткіліксіздігін көрсетті.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!