Экология және табиғи ресурстар министрі қазақстандықтарды табиғатқа шығып от жаққан кезде мұқият болуға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында министр Ерлан Нысанбаев табиғаттағы өрттердің негізгі себебінің бірі адами фактор екенін мәлімдеді.
"Құрметті журналистер және еліміздің тұрғындары! Бүгінгі брифингті пайдаланып, сіздерге өрт қаупі жоғары кезең туралы өтініш айтқым келеді. Айтайын дегенім, былтыр өте ылғалды жыл болды, далада және ормандарда былтырдан кейін өте биік шөптер өсті, бұл биыл өртке қатысты мәселелерді тудыруы мүмкін. Сіздердің көмектеріңіз ауадай қажет, сондықтан өздеріңізге жүгініп, далада от жаққанда аса қырағы болуыңызды сұраймын. Егер өртті байқасаңыз, жақын маңдағы арнайы мекемелерге хабарласыңыз немесе ТЖМ арнайы телефон нөміріне қоңырау шалыңыз", - деді Ерлан Нысанбаев.
Сонымен қатар, министр азаматтарды орман алқаптарында да сақ болуға шақырды.
"Сіздерден от жаққан кезде өте мұқият болуларыңызды сұраймын, өйткені өрттің көбі адам факторына байланысты туындайды", - деді Ерлан Нысанбаев.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жазда аптап ыстық болатыны, ал орман шаруашылығында адамдар мен техника жетіспейтіні хабарланды. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында мәлімдеді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова