Әнші Ақбота Керімбекова су басқан өңірлерге қатысты билікке өз пікірін білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында аталған өңірлердің бәрін гастрольдік сапармен аралап шыққанын жазды. Сондай-ақ, ол суға кеткен халықты қалай жұбатарын білмейтінін жеткізді.
"От пен судың ортасында өтіп жатқан қайраан қазақтың өмірі-ай… Су астында қалған өңірлердің бәрін гастрольдеріммен жүріп өткем, өнерге, қазақ әніне сонша іңкәр тұрғындарымен дидарласқам… Сондай қарапайым, сондай тәубешіл, ешкімге зардап-зияны жоқ жұртыма төне беретін бұл не қатер?! Айналып келіп жапа шегіп жатқан ауылдағы, елдегі өз күнін өзі көріп отырған бейнеткеш халық. Қирап жатқан, шаңырағы ортасына түсіп жатқан бай-манаптардың тас қамалдары емес, ырқыл-жырқылдан жырақта қоңырқай тіршілік етіп жатқан, бит терісін биялай қылып қабырғасын қалап, сонысына шүкір етіп жүрген жаны жабырқау жұрттың жалғыз баспаналары… Ол үйлер қарашаңырақ еді, бабадан қалған, әкеден қалған көз еді, құттыхана мешіт еді, елдегі ағайынның жалғыз жұбанышы еді. Қазақ даласында бұл үйлерден асқан жомарт, кең шаңырақ болмаған шығар, сірә. Мынау салғырттық соның бәрін аяусыз қиратқандай. Әлі қамсыз, әлі ойсыз, бірақ… Соңғы сенімнің жібін үзсе де жүздері жарқын… Әлі алдап келеді. Қауіп жоқ деген сайын өршеленген су жан-жақты жайпап барады. Сонда да мынабіреулер өтірік алдарқатуын доғарар емес!.. Қашан ел боламыз?! Қазақтың өзегін зардан, көзін жастан құрғатпау ғұмырлық миссиялары ма?! Ескі-жаңа деп есі кеткен есерлердің құлқынын тескен Қазақ тағдыры қашан қамсыз күн кешеді?! Қолыңды төбеңе қойып, безіп кеткің келеді кейде, біздің қолдан келер қайран не?.. Қалың ел, қайран жұртым-ау, сіздерді қалай жұбатарымызды білмейміз…", - деп жазды әнші.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!