- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қолында сыра болған"....
"Қолында сыра болған". Ер адам мен жедел жәрдем қызметкерінің төбелесі видеоға түсіп қалды
Желіде белгісіз ер адамның жедел жәрдем қызметкерімен төбелесіп жатқан видеосы тарады. Түркістан облысы Полиция департаменті өкілдері бұл видеоға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл видео Айгүл Орынбектің Facebook-парақшасында пайда болды.
Видеода ер адам жедел жәрдем қызметкерімен төбелескеннен кейін көлігіне отырып кеткені көрінеді. Видео авторы полиция қызметкерінің тәртіп бұзушыға ешқандай шара қолданбағанын, көлікке отырғызып жібергенін айтты.
"Міне, біздің полицейлер мәселені шешіп жатыр. Жай ғана амандасып қойды. Не істеп жатыр? Мас адамды жібере салды. Сыраны қолына ұстатып, көлікке отырғызып жібере салды. Бәрібір", - дейді видеодағы адам.
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов бұл іске қатысты пікір білдірді.
"Бұл жайтты бақылауға алдым. Бейнежазбадағы ер адам және хабарлама бойынша келген қызметкерлерге қатысты тексеру басталды. Нәтижесін қосымша хабарлайтын боламыз", - деді ол.
Сонымен қатар, Түркістан облысы ПД оқиғаға қатысты пікір білдірді. 28 сәуір күні Төле би аудандық полиция бөліміне Леңгір қаласында "Volkswagen Passat" автокөлігінің басқарушысы медициналық жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін ұрғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына шыққан полицейлер, ер адамның шақырту бойынша кетіп бара жатқан жедел жәрдем көлігіне көпірде жол бермегенін анықтады. Нәтижесінде екеуінің арасында жанжал туындап, салдарынан жедел жәрдем қызметкері дене жарақатын алған.
Полиция қызметкерлері заңға қайшы әрекеттерді тоқтатты. "Volkswagen Passat" жүргізушісі медициналық куәландыруға жеткізіліп, оның "жеңіл дәрежелі" мас күйі расталды.
Бұзақылық әрекеттері мен дене жарақатын салу фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабы 1-бөлігімен "Бұзақылық" сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Тергеу барысында жедел жәрдем жүргізушісі ешқандай шағымы жоқ екендігі туралы қарсы арыз түсірген.
25 маусымда тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс ҚР ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігі және 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес тоқтатылған.
"Volkswagen Passat" жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (мас күйінде көлік басқару) мен ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігі (жалған нөмірлері бар автокөлікті басқару) бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Көлік айыптұраққа қойылған.
Биыл 20 шілдесінде "Volkswagen Passat" жүргізушісі ұсталып, ол ӘҚБтК-нің жоғарыда аталған баптары бойынша жауапкершілікке тарту үшін сотқа жеткізілді. Ал бейнежазбадағы шақырту бойынша келген полицейге қатысты қызметтік тергеу жүргізіледі, оның қорытындысы бойынша заңды шешім мен тиісті шаралар қабылданады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек