Әлеуметтік желіде Алматыда жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасамақ болған ер адамның видеосы тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға 29 наурызда болған. Желіде тараған кадрда жартылай жалаңаш ер адам пышақ пен қайшы сілтеп жүргені көрінеді. Алматы Полиция департаменті мәліметінше, бұл оқиғаға қатысты Жетісу ауданының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 380-3-бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.
"Жедел жәрдем бригадасы шақырту бойынша науқасқа келгені анықталды. Алайда сол жерде болған науқастың мас күйдегі ұлы оларды қорқытып, айналадағыларға қауіп төндіретін заттар көрсеткен. Оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылды", - деп жазылған хабарламада.
Кейін күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
"Қазір оқиғаны жан-жақты зерттеуге бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр", - деді полиция.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова