Желі қолданушылары іздеп жатқан курьер әйел туралы жаңа ақпарат шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бірнеше күннен бері Threads желісінде қолында сәбиі, арқасында жеткізу қызметінің үлкен сөмкесі бар әйелдің суреті қызу талқыланып жатыр.
Алмат Несіпқалиев есімді желі қолданушысының сөзінше, 8 маусымда шамамен сағат 17:30-да Алматы қаласындағы Абай даңғылы бойында орналасқан тұрғын үй кешені маңында тосын жайтқа куә болған.
"Сол жерде орналасқан мейрамханада жұмыс істеймін. Жұмыс барысында қолында сәбиі бар, арқасына сөмке асып алған бір әйел адамды байқап қалдым... Алғаш көрген сәтте қолындағы шынымен нәресте екеніне сене алмадым. Жүрегім қатты ауырды, артынан қуып жеттім. Расында да, қолында шамамен 3-4 айлық сәби бар екен. Сол жерде мән-жайды анықтауға тырысып, барынша көмектескім келді. "Күйеуіңіз бар ма?" деп сұрадым, "иә, бар" деп жауап берді. "Жұмыс істей ме?" дедім. "Иә" деді. "Неге жұмыс істеп жүрсіз?" дедім. "Күйеуімнің ақшасы жетпейді, ақша жетпегеннен шығып жүрмін" деп жауап берді. "Қолымнан келгенше қолдау көрсетіп, бір күндік табысыңызды берейін, бүгін демалып, үйіңізге барыңыз" деп өтініп, шығарып салдым", - деп жазды ол.
Ол желі қолданушыларын бұл жайтқа бей-жай қарамауға шақырған. Алайда Threads қолданушылары түрлі пікір білдірген, кейбіреулер қазір алаяқтық өршіп тұрғанын алға тартқан:
"Тура осы адам екенін қайдан білеміз? Қазір алаяқтық өршіп тұрған заман ғой", "Қазір алаяқ көп, қыздың өзі парақша ашсын", "Меніңше, тікелей әйелмен байланысқа шығып, көмектескен жөн", "Осы кісіні бүкіл Threads іздеп жатыр ғой".
Еске салайық, бүгін брифингте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан осы суретке қатысты сұраққа жауап берді.
Журналистер Виктория Шегайдан бұл суретті көрген-көрмегенін және "декрет демалысындағы әйел курьер болып жұмыс істеуге мәжбүр болуы қалыпты жағдай ма?" деп сұрады.
"Суретке келетін болсақ, бұл мәселеге пікір білдіруге құзыретім жетпейді. Біріншіден, бұл сурет нақты қай жерде түсірілгенін және қай қала туралы сөз болып жатқанын білмеймін. Екіншіден, мәселе бала күтімі бойынша декреттегі ана не істеуі керек екеніне қатысты болса, бұл отбасылық бюджет пен отбасылық мәселе деп ойлаймын. Сондықтан бұл жерде өз тарапымнан пікір білдіру дұрыс емес", - деп жауап берді Виктория Шегай.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!