"Қолына телефон ұстауға уақыты болмай дайындалды" - Олимпиада чемпионы Демеу Жадыраевтың ағасы

"Қолына телефон ұстауға уақыты болмай дайындалды" - Олимпиада чемпионы Демеу Жадыраевтың ағасы
Фото: Massaget.kz / Есентемір Ерболұлы

Жазғы олимпиадада грек-рим күресінің күміс жүлдегері Демеу Жадыраевтың ағасы Медет Нұрдаулетұлы Massaget.kz тілшісіне эксклюзив сұхбат берді.

Жүлдегердің ағасы інісінің жүлде ұтып алғанын көргенде көзіне жас алған. 

"Демеудің белдесуінде сезінген сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Көзге жас келді. Ақжол Махмұтовты өте қарсылас деп санағанбыз. Оны атып-ұрып жерге лақтырғанда бойды мақтаныш сезімі кернеді. Қазақстанның кез келген палуанына жанкүйер боламызғой, бірақ өз бауырың белдесіп жатқанда жағдай мүлде басқа күйде болады екенсің. Қуанғаннан тіпті сөйлей алмай", - деді ол.

Медет Нұрдаулетұлының айтуынша, олимпиада чемпионын күреске әкесі жетектеп апарған. 

"Демеуден бөлек 1985 жылғы інім бар, ол да біршама спортқа жақын болды. Біз үйдің үлкені болған соң шаруға араластық. Ең кенже бала болған соң әкем оны қатты жақсы көрді. Үйдің кенжесі әке-шешесінің баласы болады, үлкендері ата-апаның баласы. Әкем сол Демеуді күреске өзі ертіп барып қатыстырған. Жұмахан Тұрлыбеков күйеу баласы ғой, "әй, Жұмахан мына бала саған", - деп сол кісіге табыстаған", - деді ол.

Демеу Жадыраевтың ағасы оның бала кезде бойы кішкентай болғанын айтады, дегенмен жүлдегер жылдам болған, көп нәрсені өзі ойлап тауып, істейтін қабілетті, үнемі жаңа дүние ізтеп жүретін болыпты. 

Олимпиада чемпионының күресін оның отбасы аудан, ауыл әкімімен бірге отырып көріпті, мұның бәрін облыс әкімінің көмекшісі келіп ұйымдастырған көрінеді. Тіпті олар жүлдегердің үйінің алдына асфальт төсейміз деп уәде етіпті.

"Әкім асфальт болады деп уәде берді. Бұйырса дейді ғой", - деді Медет Нұрдаулетұлы.

Сонымен қатар, спортшының ағасы інісінің жазғы олимпиадаға екі жыл бойы үздіксіз дайындалғанын айтты.

"Демеу соңғы екі жыл бойы қолына телефон ұстауға уақыты болмай дайындалды. Бұл рас. Ол тек анамызға хабарласатын, көп жазбайды, өте күшті дайындық болды. "Жасы келіп қалды, олимпиада басқа адамды жіберейік" дегендер де болды, ол осы әңгімеге намыстанып, нәтиже шығарайын деп қатты дайындалды. Бұл грек-рим күресінен 17 жылдан кейінгі алынып отырған алғашқы жүлде. Мұның бәрі еңбек қой. Таза есептесек, інім 20 жылға жуық тер төккен екен", - дейді ол.

Олимпиаданың күміс жүлдегері елге оралғаннан кейін Жақсылық Үшкемпіровтың ұрпағы шаңырағында қонақ қылмақ.

"Алматыда боламыз, Жақсылық Үшкемпіровтың ұлы бар, сол кісі келіннің кіндік әкесі. Демеудің жеңісіне олар қатты қуанды, Демеу мен келінді Жақсылық ағамыздың өзі де жақсы көретін. Міне, сол кісілер бізді қонақ қылып шақырған, оған қоса Алматының маңында да бір жер күтпекші. Кейіннен Жетісу облысының әкімшілігіне барамыз, олар да шақырды. 

Ауылдың адамдары, белсенділері, Алматы облысының белсенділері сый дайындап жатыр. Жетісу облысынан, Алматыдан үй дайындап жатқан көрінеді. Демеуде екі жаттықтырушы ғой, кішкентай кезіндегі бапкері, одан кейін қазіргісі. Бәріне де сый-сыйапат бар. Бізге осылай деді, табыстайтын шығар", - деді ол.

Медет Нұрдаулетұлы отбасы үшін інісі жеңіп алған күміс, алтыннан да маңызды болып тұрғанын жеткізді.

"Алтын деген барлық қатысушының арманы ғой. Бірақ енді күміс алтыннан да жақсы болып тұр, күмістің де бір қайыры бар шығар. "Алтын болғанда жақсы болар еді" деп бәрі ойлайды ғой, дегенмен де аллаға шүкір. Күмістің өзі қандай нәтиже. Біз қатты қорықтық, өйткені қарсыластары өте мықты болды, 10-15 жас кіші. Бізге күмістің өзі алтынмен тең, бастысы ініміз аман-есен келсе болды", - деп қорытындылады ол.

Еске салайық, бұған дейін Олимпиада чемпионы Демеу Жадыраевтың туған туыстары Алматы әуежайына жиналып, жүлдегерді қарсы алғаны хабарланған болатын. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә