Атырауда көп қабатты үй тұрғындарының үрейін ұшырған ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде тосын оқиғаның видеосы тарады. Жергілікті Instagram парақшалардың бірінің мәліметінше, үй тұрғындары ер адам арамен жүргенін, балаларды қорқытқанын айтқан.
Бұл жағдайға байланысты редакцияға Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі пікір білдірді.
"15 ақпанда сағат 23:40 шамасында 102 арнасына Береке шағынауданы аумағындағы тұрғын үйдің алдында, кіреберісінде ер адам оғаш әрекеттер жасап жүргені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері жедел жетіп, 1991 жылы туған ер адамды анықтады. Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес ер адам уытқұмарлық масаң күйде болғаны белгілі болды", - деп жазылған хабарламада.
Бұл дерекке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-1-бабы (Есірткі, психотроп заттарды, сол тектестерді, сондай-ақ, күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну) бойынша әкімшілік хаттама жасақталып, іс құжаттары мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова