Қазақ дәстүрінде ерте кезден тілеулес жақындар екі жас шаңырақ көтерген соң олардың өсіп-өнуін, көбеюін тілеген. Дамыған заманда әйелді босандыратын арнайы мамандар, гинекологтар бары белгілі. Ал бұрын бұл рәсім қазіргіге қарағанда мүлде бөлек болған. Massaget.kz тілшісі этнограф Болат Бопайұлының деректеріне және Халел Арғынбаевтың "Қазақ халқындағы семья мен неке" атты еңбегіне сүйеніп, қазақ дәстүрінде босандыруға қатысты қандай ерекшелік болғанына шолу жасады.
"Әйелдер бәрін байқаған". Арқан керу рәсімі
Ашық дереккөз мәліметтерінде айы-күні жеткен әйелді босандыратын сәтте бұл істі меңгерген, тәжірибелі егде адамдар араласқаны айтылады. Соның ішінде босанатын уақыты жеткен әйелге жақын туыстары да көмекке келген. Олар әйелді демеп, әрі қарай отырып-тұруына көмектескен. Содан кейін толғақ жиілісе, бақан алдырып, оны керегеге тіреп, бақанға жалпақ бау байлаған. Бұл рәсім "арқан керу" деп аталған. Үйге бақан кіргізу рәсіміне де әйелдер жағы бәрін байқап отырған Өйткені бақан бас тұсынан кіргізілсе, дүниеге қыз бала, ал тұйық тұсынан кіргізілсе, өмірге ұл келеді деп сенген.
Ертеде әйелді кім босандырған?
Этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, ертеде ауылда әйел толғатып жатса, туыт аналар көмекке келген. Олар толғағы қысқан әйелді орнынан демеп тұрғызып, киіз үйдің керегесінің басынан ұстатқызған немесе жалпақ құры жіпті үйдің бір басынан екінші басына тартып, әйелдің екі қолтығынан өтізіп, жіптің ырғағымен ақырындап әйелдің толғағына ілестіріп, босандырған.
"Туыт аналар қазақтың ырым-тыйымдары, жөн-жоралғылары мен салт-дәстүрі арқылы өздерінің өмір тәжірибесіне сүйене отырып, дүниеге келетін сәбиді, босанған әйелді аман алып қалу үшін айла-тәсіл, ырымдар жасаған. Олар бірнеше немесе біреу де болуы мүмкін. Туыт ана жіпті ырғата отырып, әйелге керегенің басын санатады. Ол толғақты ұмыттыру үшін жасалады", - дейді этнограф.
Болат Бопайұлының айтуынша, толғақ күзетіп отырған әйелдер де үйден шықпаған екен.
"Шығуға тура келсе, басындағы жаулығын, орамал мен қолжаулығын сол жерге қойып кетеді. Себебі ол әйел далаға шықса, онымен бірге толғақ бірге ілесіп кетеді деген. Ал жаулығын, орамалын қойып кетсе, толғатып отырған әйел оның қайтып келетінін біліп, алаңдамаған. Сондықтан толғатқан әйелдің "бір аяғы көрде, бір аяғы жерде" дейді", - дейді ол.
Бел тарту әдісі баланың тез әрі сау дүниеге келуіне көмектесетіні талай мәрте дәлелденген. Сондай-ақ, қазақтың әйелді ежелгі босандыру дәстүрі Еуропада, Жапония, Америка, Қытай, Франция, Германия сияқты елдерде де дамыған екен.
"Қазақ әйел жатып босанса, басына қан көп кететінін білген. Отырып, түрегеліп немесе суда босанса, құры жіп секілді қолтығынан сүйеп босандырса, қауіпсіз болатынын ғылым жағынан да дәлелденген. Қазақтың босанған әйелге жасаған қамқорлығы шексіз. Босанғаннан кейін де сәбидің кіндік анасы, туыт, жөргегінен көтеріп алған анасы болған және қалжа сою, оны тамақтандыру, күту халқымыздың бұрыннан келе жатқан үлкен дәстүрі", - дейді этнограф.
Тағы қандай рәсім болған?
Халел Арғынбаевтың деректеріне сүйенсек, келіннің бойына бала біткен сәтте енесі оны қамқорлығына алған. Осылайша, енесі абысын-ажынның, ауыл әйелдерінің басын қосып, "құрсақ шашу" тойын өткізген. Бұлай аталуы да тегін емес. Өйткені келген әйелдер шашуын ала келген әрі оны әйелге қарай шашқан. Осы рәсім кезінде тәжірибелі әйелдер білгенін бөліскен. Мәселен, әдетте 1,5 айда жеріктік басталатынын, 5 ай ішінде бала қимылдайтынын түсіндірген. Бұл дәстүр әлі күнге дейін жалғасын тапқан. Тіпті шоу-бизнес өкілдері ішінде де байқалады. Соның бірі Қарақат Әбілдина қызына аяғы ауыр болған кезде "құрсақ шашу" тойын өткізген еді.
"Итке кет демейді". Аяғы ауыр әйелге қатысты қандай ырымдар болған?
Қазақ аяғы ауыр әйелді түнде далаға шығармаған, жары үйде болмағанда, түнде жалғыз жатқызбаған. Өйткені халық танымында "аяғы ауыр әйелге жын-шайтан үйір келеді" деген сенім қалыптасқан. Сонымен қатар, киіз үйге қамшы, қасқырдың ауызы, бүркіттің тұмсыған ілген.
Тағы бір қызық тыйым - іштегі бала аман дүниеге келуі үшін бала қимылдағанша немесе әйелдің жерігі қанғанша, итке "кет" дегізбеу. Сондай-ақ, "ұзақ уақыт толғақ келмейді" деген қорқынышпен аяғы ауыр әйелге түйе етін жегізбеген. Түйе етін жесе, 9 ай емес, 12 айда босанады екен. Халел Арғынов деректерінде әйелдің толғағы тез келуі үшін бүкіл әбдіре ашылып, тең шешілгені, түйін тарқатылғаны айтылады.
"Ота да жасалған". Әйел босана алмаса, не істеген?
Қазақ ертеде аяғы ауыр әйел босана алмаса, әйелдердің біріне немесе қайын інілерінің біріне белін тартқызған. Бұл туралы Халел Арғынов деректерінде келтірген. Бел тартқан адам әйелдің арқа тұсына отырып, шеміршектен төмен қарай сылаған. Сондай-ақ, әйелдің ішін қойдың құйрық майымен сылаған.
Ал әйел босана алмай, бала теріс келсе, қазақтың оташылары сыртынан түзетіп жіберген. Кейде бала іште өлгенін білсе, ананы аман алып қалу үшін қолын салып, баланы суырып алған. Шебер оташылар кейде әйелді аман алып қалған, кейде мұндай оталар сәтсіз де жүзеге асырылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!