Алматы облысы Қошмамбет ауылында жағаұстатар жайт болған. Бұл туралы "Көреміз" бағдарламасында айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ауыл тұрғыны Қалияш Сәрсенбаеваның айтуынша, 7 жасар ұлына үш күн қатарынан 60 жастағы көрші қорлық көрсеткен. Бірақ күдікке ілінген зейнеткер өзіне тағылған айыптарды "жала" деп отыр.
"Бала айтпайды, қорқып қалған. Ауырып қалған. Қорқақ, жалтақ болып қалған. "Айтсаң анаңды өлтіріп кетемін, өзіңді де өлтіремін" деген. 8-де келдім кептеліспен. Сөйтсем, партаның астында жатыр. Жарықты өшіріп тастаған. Қол-аяғын жинап алған. "Кешегі шал тағы келді бүгін" деді. Ішіп жүретін шал екен, бұрын қамалған деп естідім. Баланы бірінші қорқытып алған, екінші рет пышақ тақаған, зорлық-зомбылық көрсетіп кеткен, ақша сұраған, пешке қолын басқан", - дейді баланың анасы.
Алайда бағдарламаға келген көршісі мұндай іске бармайтынын, өзі де немере өсіріп отырғанын айтты. Күдікті ер адамның қызы да әкесі мұндай іске бармайтынын жеткізді.
"Ақпын, адалмын", - дейді ер адамның өзі.
Бағдарлама Полиция басқармасына сауал жолдаған. Ал кейін сот сараптамасы белгілі болған. Нәтижесінде зейнеткер балаға қиянат жасамағаны көрсетілген. "Көреміз" редакциясы бұл істі назарында ұстайтынын хабарлады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз