Ақтауда мейрамхана әкімшісі полицейлерден жәбір көргенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға 21 сәуірде кешке болған. Той иесінің шақыруымен келген биші қыздардың жетекшісі "170 мың теңге ақша ұрланғанына" шағымданып, полиция шақырған. Ал видеоға биші қыздардың бөлмесіне бейтаныс ер адам кіріп-шығып жүргені түсіп қалған. Одан басқа бөлмеге тек киім ауыстыратын жерде жұмыс істейтін қыз тойға келген қонақтардың бірімен қосылып кіріп шыққаны анық көрінеді.
Мейрамхана әкімшісі Жәмиля Жанбаеваның айтуынша, полиция қызметкері бейнежазбаны қарамаған, ұрыны іздемеген. Ол полицейлер бірден өзге ұлт өкілдерін іздеп, өзіне күш көрсетіп, ас үйге кіргенін жеткізді. Бірақ олар аспаздан бастап, еден жуушыға дейін Қазақстан азаматтары екеніне көз жеткізіпті.
"Ас үйге СЭС-тің рұқсат қағазынсыз кіруге болмайды. Ең болмағанда, мейрамхананың иесінен рұқсат сұрайын" десем, "біз полициямыз, кез келген жерге кіруге құқығымыз бар" деп, 2 полиция қызметкері мені итеріп, қолымды қайырып, ішке кірді. Құжаттарын тексеріп, өзге ұлт өкілдері болмаған соң, ештеңе дей алмай шығып кетті. Мен оларға "ұрыны табыңыздар. Биші қызда 170 мың теңге болды ма, әлде бізге жала жауып тұр ма, соны анықтауға көмектесіңіздер" десем, сөзіме тіпті құлақ аспады", - дейді мейрамхана әкімшісі Жәмиля Жанбаева.
Жәмиля Жанбаеваның қолдары бірден көгеріп, ісіп кеткенін мәлімдеді. Сондықтан оқиға болған жерде 102-ге қоңырау шалып, қайта полиция шақырғанын айтады. Ол полицейлерге болған жайтты баяндап, арыз жазған. Содан соң дәрігерге тексеріліп, анықтама алған. Бірақ сараптама орталығына тіркету үшін біраз сергелдеңге түскен.
"Денемдегі көгерген жерлерді өлшетіп, тіркету үшін 5 күн жүрдім. Арызымды қабылдаған полицейлер маған қаулы беруі тиіс екен. Бірақ олар бермеді. Сол қаулы үшін мені ішкі қауіпсіздік басқармасына, учаскелік полицейлерге қайта-қайта жіберіп, уақыт созды. Сөйтіп жүргенде көгерген жерлердің көлемі кішірейді. Соңында солай тіркеді", - дейді мейрамхана әкімшісі.
Жәмиля Жанбаева полицейлер жазадан құтылып кете ме деп қорқады. Сондықтан ол құзырлы орган басшыларынан істің бұрмаланбауын сұрайды.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаеваның айтуынша, полицейлер мейрамханаға шақыртумен барған. Болған оқиғаның бәрі қызметкерлердің бейнетіркегішіне түсірілген. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сая Мәжитқызы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!