- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қолым қажалып, оқи...
"Қолым қажалып, оқи бердім". Түркістан облысында ауыл кітапханашысы 68 мың кітап оқыған
Түркістан облысында қарапайым ғана ауыл кітапханашысы осы уақытқа дейін 68 мың кітап оқып тауысқан. Massaget.kz тілшісі Түлкібас ауданының тумасы Мейірхан Топанбаймен сұхбаттасып, қалай осынша кітап оқығанын сұрады.
Мейірхан Топанбай он тіл біледі. Соның арқасында қазір ол шетел әдебиетін қазақшаға аударып жүр.
Мейірханның жетпіс мыңға жуық кітапты оқығаны жұртшылықты таңғалдырған. Әлеуметтік желіде тіпті оның сөзіне күмән келтіргендер де табылған.
"Күніне бір кітаптан оқығанның өзінде, осынша кітапты оқуға оның жасы жетпейді де, қисынға келмейді", - деген пікір жазғандар.
Ал Мейірхан бұл тізімге өзі оқыған аудиокітаптар да енгенін айтты.
"Өтірікке орын жоқ, арлы болсаң!" деген Сағди бабамыз. 68 мыңның тең жартысы аудио кітаптар мен брайль кітаптар болды. Сатып та алдым. Сыйлады да. Неге? Кітап оқуды үзбедім? Өзімді іздедім. Өзімді тапқым келді. Арнайы методикасын үйреткен ұстазым Жанна Ботабаева болды. Үйретті. Бар білгенін менімен бөлісті. Адамдар 68 мыңның бәрі үлкен томдық деп ойлайды. Білесіз бе, "Абай жолының" бір кітабы - 3 жарым сағаттық аудио кітап. 18 сағат уақытымды кітапқа арнайтын мені жұрттың әртүрлі әңгімесі ойландырып тастады. Мен Рашит Нури Гүнтекин, Лев Толстой, Улмас Омарбеков, Махсуд Ибрагимбековтердің брайль кітаптарын сатып алып та оқыдым. Брайль әрпіндегі кітаптар өте маған ыңғайлы болды", - дейді ол.
Оның айтуынша, бір кітапты аяқтаған кезде жарық дүниені көргендей әсер алады екен.
"Менің жеті жылым өте бір күрделі кезең болды. Талмадан көру қабілетім азайды. Сонда да адамдардың дауысынан бір сыр іздеп, бір күш тапқым келіп талпындым. Бірі мұны дұрыс түсінді, бірі ақымақтыққа балап жатты. Қолым қажалып, сол кезде кітап оқи бердім, оқи бердім. Адамдарға бар екенімді білдіргім келгені шығар. Брайльдағы бір кітапты аяқтаған күні мынау ғажап жарық дүниені көретіндей болатынмын", - деді ол.
Бір өзі бір кітапхана секілді адамдар болады. Соның айқын дәлелі осы - Мейірхан. Ол үшін кітап - өмір, ол кітаптан өзіне дос іздейді. Оның 70 мыңға жуық кітап оқуының сыры міне осында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова