Танымал әнші Жазира Байырбекованың тұңғыш ұлы Қазбектің пәтер сыйлағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол Instagram-парақшасында бөлісті. Әншінің айтуынша, ол бұрыннан анасына пәтер алып бергісі келген. Бұл жоспарын ұлы орындаған.
"Өзі біліп тұрса да, әрбір бастамасын папасы екеумізбен ақылдасады. Біздің қарсы болмайтынымызды білсе де, батамызды алу ретінде деп ойлаймын. Осындай кезекті кәсібін маған айтқанда "Өзің біл, егер осы кәсібің саған бақыт әкеліп жатса, жасай бер" дедім. Ұлым маған "Көңіл күйіңіз жоқ қой" деді. Мен "Жұмысым жүріп жатыр екен деп тоқтамай істей бермей, жан-жағыңа бір сәт қарап қой. Сосын қайта жалғастырасың" дедім. Қазекем (Қазбек - еск.) "Мама, не істегіңіз, кімге көмектескіңіз келіп жүр" деп сұрады. Мен "Анама жеке үй дайындап, тыныш жерде жағдайын жасап, баптап отыратын уақыт келді" дедім. Осы бірауыз сөзбен мені түсінді. Екі күн ішінде бизнес жасайын деп отырған ақшасына баспана алып, жөндеу жұмысын жасап, екі апта ішінде мені мазалап жүрген мәселені реттеп берді", - дейді әнші.
Сондай-ақ, Жазира Байырбекова бүгін тұңғышының туған күні екенін айтып, тілек тіледі.
"Баламның басқа да мен риза болатын жағдайы көп. Ол істерінің әрқайсына бір жазба арнауға болады. Өзінің жетістіктерін Instagram-ына сала бермейді. Аллаға осындай саналы перзент бергені үшін сансыз шүкір деймін. Өмірдегі ең үлкен тілегім - Қазбегім мен Даратайымның бақытты. Адал жар кездесіп, бәрі өзің қалағандай болсыншы, Қазекем. 10 наурыз - туған күні. Құттықтап қойсаңыздар қуанамын. Балама тілейтіндеріңіз өздеріңізге де жұғысты болсын!" - деп жазған өнер иесі.
Желі қолданушылары өнер иесінің ұлына тәнті болып, түрлі пікір қалдырған.
"Ата-анасының разылығын алып жүрген бала міндетті түрде бақытты болады. Ата-ана - баланың тілекшісі. Балаңызға да бақыт бұйырсын. Сізге қызмет етіп, Сіз аңсаған биіктен көріне берсін. Зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін", "Алма ағашынан алыс түспейді" дейді. Ақылды, тілалғыш болғаны сіздерге ұқсағаны ғой", "Иә, Қазбек - мәрт жігіт. Сонау Америкада жүрген Назира әпкесіне қанша рет көмектескеніне куәмін. Ата-ананың разылығын алған Алланың разылығын алғанмен бірдей. Сіздің балаңыз үшін жасаған дұғаңыз қабыл болады. Лайым жүрегі аппақ келін әкеліп, бәрімізді қуантсын", "Балапаныңыз дәл өзіңіздей ибалы келіншек әкелсін! Ғұмырлы болсын", - деп жазған оқырмандар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!