Колумбияда қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан жарыс өтті

Колумбияның Сантандер де Киличао қаласында тоғызқұмалақтан мектепішілік шеберлік сабақтары мен насихаттау жұмыстары өтті. Шараны 2022 жылы тоғызқұмалақтан өткен VI Әлем чемпионатының қола жүлдегері - Оскар Фахардо (Колумбия) ұйымдастыруда, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2008 жылы Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясы құрылғаннан бері қазақтың ұлттық ойыны әлемнің түрлі елдерінде насихатталып келеді. Қай елде болмасын тоғызқұмалаққа жанашыр азаматтар бар. Солардың бірі колумбиялық Оскар Фахардо деген азамат. Оның қажырлы еңбегінің арқасында биыл тұңғыш рет өткен оқушылар арасындағы Әлем чемпионатында Колумбия командасының өкілдері екі рет жүлдегер атанды. Оларды Герман Гонзалез деген бастап келген. 

фото: Telegram \ Togyzqumalaq Qazaqstan. Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының президенті - Алихан Бәйменов.

"Жалпы осындай тоғызқұмалаққа жанашыр біраз азаматтар әлемнің әр түкпірінде бар. Бұл - бір бағыт. Тағы бір бағыт, зияткерлік ойындар кіретін әлемге танымал сайттарда тоғызқұмалақтың болуы - алғашқыда www.iggamecenter.com сайтында болып еді, қазір www.playok.com сайтында да бар. Сол арқылы өз бетімен сол сайттарға кіріп, мыңдаған адам тоғызқұмалақ ойнауда", - деді Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының президенті - Алихан Бәйменов.

фото: Telegram \ Togyzqumalaq Qazaqstan. 

Ұлттық ойынымызды насихатта вертуалды әлемде де қарқынды жүргізіліп жатыр. ҚР Ұлттық құрама командасының Бас жаттықтырушысы Серік Ақтаев Колумбия халқының тоғызқұмалаққа деген қызығушылығын ерекше атап өтті. 

“Екі жылда бір ұйымдастырылатын ересектер арасындағы Әлем чемпионаты, жылда өтетін халықаралық жарыстарға қатысушы елдер саны артып келеді. 2023 жылдың наурыз айында Колумбияның Кали қаласында халықаралық турнир өтіп, жергілікті тоғызқұмалақ сүйер ойыншылар мен жанашырлар шараға қатысып шеберлігін арттырды. Ұлттық ойынымызға деген жергілікті халықтың қызығушылығы мен ойынға сұраныс керемет. Қазір Оскар Фахардо мен Герман Гонзалез бірнеше қалаларда мектеп оқушыларын үйретіп, жарыстар ұйымдастыруда", - дейді Серік Ақтаев. 

фото: Telegram \ Togyzqumalaq Qazaqstan. 

Сондай-ақ Серік Ақтаев Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының бірлескен әрекеттерімен Колумбия Латын Америкасындағы тоғызқұмалақ орталығына айналып жатқанын жеткізді

Айта кетейік, 2024 жылы Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына Колумбия командасынан іріктеуге қатысушы спортшылар қатары артып келеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!