- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Көліктің кері бұралған...
Көліктің кері бұралған "пробегін" қалай анықтауға болады?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше еліміздегі жеңіл көліктер саны 4 миллион 472 мыңнан асты. Сондай-ақ әрбір екінші автомобиль 20 жылдан аса қызмет еткен. Алайда кейбір көлігін сатушы азаматтар темір тұлпарының жылы ескі болса да, жүрісін азайтып көрсетеді. Көліктің "пробегін" қалай тексеру керек? Алданып қалмаудың амалы қайсы? Massaget.kz тілшісі зерттеп көрді.
Қазір көліктің жүрісін азайтатын шеберлер көп. Электронды одометрді артқа айналдыру оңай жұмыс. Оның нақты қаншалықты өзгергенін анықтаудың жолдары бар. Бірақ ешкім 100 пайыз кепілдік бермейді.
Жүрісті азайтудың себебі тек сату ғана емес. Кейбір көлік модельдерде борттық компьютер белгілі бір шақырымнан кейін техникалық қызмет көрсету станциясына баруды талап етеді. Егер жүргізушіде жеткілікті қаражат болмаса одометр деректерін өзгерту оңайға соғады. Ал кейбір автомобильдерде жүріс саны бақылау тақтасын алып тастағаннан кейін ғана өзгереді. Басқа модельдерде бақылау тақтасын алып тастаудың қажеті жоқ. Компьютерді диагностикалық қосқышқа қосып, спидометрдің сандарын қайтару жеткілікті. Процедура бірнеше минутты алады.
Техникалық тексеру кітапшасына назар аудару керек
Пермиум көліктердің жүрісі жиі өзгереді. Сату кезінде оның жүрісін 100 мың шақырымға дейін төмендету 1 миллион теңгеге дейін пайда әкеледі. Егер көліктің одометрі 87 000 км көрсетсе, демек 187, 287 мың шақырым жүріп тастауы әбден мүмкін. Сонымен қатар, OBD-2 диагностикалық қосқышы арқылы ELM-327 сканерін тексеру нәтиже бермеуі мүмкін. Сол себепті жүрісті анықтауда жанама белгілер мен техникалық тексеру кітапшасына назар салу керек. Шеберлер қозғалтқыштың майын ауыстыру туралы соңғы мәліметтерді жазады. Сіз деректерді қызмет кітапшасынан көре аласыз. Егер соңғысынан бастап одометрдің көрсеткіштері жоғарыламаса немесе аз ғана өзгерсе бәрі белгілі болады.
Фото: pixabay
Логикалық есеп
Қазақстандағы көліктердің түп атасын сұрасаң сонау Армения мен Дубайдан бір-ақ шығуың мүмкін. Ал көліктің жүрісін өзгерту әр елде бар. Өйткені темір тұлпар жеке адамға тиесілі болғандықтан жүрісті өзгерту заңмен реттелмейді. Алайда статистика бойынша әр көлік жылына 20-30 мың шақырым жүреді. Демек 5 жыл болған автомобильдің жүрісі кемінде 100 мың, 8 жасар көліктікі 150 мың болуы керек. Бірақ адамдар көліктің одометрі 100 мыңнан асса сатып алудан бас тартады. Сол себепті кемі әрбір 4-көлікте бұралған километраж бар.
Көліктің салонына қарау
Арнайы жабдықпен қарағанның өзінде электронды спидометрдің жүрісін 100 пайыз анықтау мүмкін емес. Бірақ бірқатар жанама белгі бар. Ең алдымен салонның күйін бағалаңыз. Орындықтардың, есік тұтқаларының, жылдамдықты ауыстыру тұтқасының, бақылау тақтасының түймелерінің тозуы көліктің жүрісінен хабар беріп тұрады. Былғары орындықтар 200 000 шақырымнан кейін жыртылуы немесе тесіктер пайда болуы мүмкін. Одометрдің көрсеткіштері аз болған кезде газ және тежегіш педальдарындағы төсемдер металға дейін тозбайды. Педаль төсемдерінің айтарлықтай тозуы 80-100 мың км-ден кейін ғана болады. Ал олардың барлығы арзан былғары мен резеңкеге ауысса демек көлік жүрісіне күмән бар деген сөз.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов