Ақтөбе облысы мен Ақтөбе қаласы аумағында ауа райына байланысты төтенше жағдайлар тіркеліп жатыр. Қала тұрғындарының сөзінше, жылу мен суға байланысты мәселелер де туындаған. Massaget.kz тілшісі өңірде не болып жатқанына шолу жасады.
Қалада қатты боран салдарынан тұрғын үйлерге зақым келіп жатыр.
Кейбір үйлердің шатырын ұшырып кеткен.
Тіпті ақтүтек бораннан жолдар да көрінбейді. Қала тұрғындарының бірі жер-жерде апат жағдайы тіркеліп жатқанын айтады. Аймақтың бес ауданында қатты боран салдарынан электр қуаты ажыраған.
Ұйытқыған боранның дауысы да тұрғындардың зәресін алған.
Тіпті кейбір ғимараттардың терезелеріне мұз қатып қалған.
Тұрғындардың сөзінше, бүгін мектептерде сабақтар қашықтан өтіп жатыр.
"Жарық, су жоқ. Түк көрінбейді. Қаланың ішінен қоғамдық көлікпен қатынай алмай отырмыз", - дейді тұрғын.
Ал желден қала көшелерінің бірінде тұрған көліктің капоты ұшып кеткен.
"Иесі алмаса, адамдарға немесе көліктерге зияны тиюі мүмкін", - деп жазылған жергілікті арналардың бірінде.
Ауа райына байланысты Ақтөбе әуежайында рейстер кешігіп жатыр.
"Бүгін Әлия Молдағұлова әуежайында ұшып-қонатын 10 рейс жоспарланған. Ақтөбе қаласының әуежайында мына әуекомпанияларының 4 рейсі кешіктіріліп жатыр: FlyArystan КС7191/7192 Алматы – Ақтөбе – Алматы, Qazaq Air IQ399/395 Астана – Ақтөбе – Атырау, SCAT DV727/728 Астана – Ақтөбе – Астана, Qazaq Air IQ396/400 Атырау – Ақтөбе – Астана", - деді Ақтөбе әуежайының баспасөз қызметі өкілі.
Қала маңындағы ауылдар арасында жүретін қоғамдық көлік қозғалысы тоқтаған.
Ал өңірдің Төтенше жағдай департаменті мәліметінше, кейінгі тәулікте ауа райы нашарлауына байланысты 5 республикалық және 4 облыстық маңызы бар тасжол жабылған.
"Авариялық құтқару жұмыстары барысында 140 адам қауіпсіз аймаққа көшіріліп, 5 адам құтқарылды. 7 ақпанда Самара-Шымкент тасжолының 806-шақырымында "Шымкент-РФ-Новотроицк" бағытындағы жолаушылар автобусы бұзылып, ішінде 68 адам қалып қалғаны жөнінде ақпарат келіп түсті. Тәжікстан Республикасының 68 азаматы Нұрай кемпингке көшірілді", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар, Самара-Шымкент тасжолының 965-шақырымы "Маяк" кемпингінен Өзбекстан Республикасының 56 азаматы Қарабұтақ орталық мешітіне орналастырылған. Өңірдің Төтенше жағдай департаменті тұрғындарға ауа райына байланысты қауіпсіздік талаптарын сақтауды ескертті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!