Балқашта 63 жастағы ер адам жаяу жүргіншілерге арналған жолмен самокатпен өтіп бара жатқан 8 жастағы баланы қағып кетті. Бала көліктің астында қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жантүршігерлік кадр әлеуметтік желідегі парақшаларда пайда болды. Оқиға қаладағы Желтоқсан көшесінде болған. Жүргізуші баланы алдымен қағып, артынша бала көліктің астында қалған сәт видеоға түсіп қалған.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі видеоға қатысты түсініктеме берді.
"Toyota RAV 4 көлігінің 63 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Оқиға салдарынан 8 жастағы жаяу жүргінші медициналық мекемеге жеткізілді. Факт полицияда тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды", - деді Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.
Зардап шеккен бала жедел жәрдеммен Балқаштағы қалалық ауруханаға жеткізілді. Бірден жансақтау бөліміне түсіп, оған ота жасалды. Балада ми жарақаты мен іш қуысының жарақаты болған.
"Қазір бала реанимация бөлімінен хирургиялық бөлімге ауыстырылды. Емдеу амалдары жалғасып жатыр. Баланың жағдайы бірқалыпты. Одан әрі тексерулер жүргізіледі. Компьютерлік томографияның деректері қажет. Сондай-ақ нейрохирургтердің консультациясы қажет болады", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!