"Көліктерімді заңдастырғым келеді". Америкалық "Кабриолет" пен немістің "Мерседесін" үйінде құрастырған Темірмен сұхбат

Жарқайың ауданының Державинск қаласында туып өскен Темір Манарбекұлы бала кезінен-ақ темірден түйін түйеді. Техникаға үйір болып өскен  жас жігіттің он саусағынан өнер тамған. Осы күнге дейін өткен ғасырдың 60-70 жылдардағы америкалық және ағылшындық  ретро көліктерді, сондай-ақ үй шаруашылығына қызмет ететін шағын тракторды өз қолымен жасап шығарған.  Massaget.kz тілшісі өнертапқыш азаматты әңгімеге тартқан еді.

Техникаға жан-тәнімен құштар болып өскен Темір автокөлік құрастыруды бала кезден армандағанын айтады. Спорттық көліктерге қызыққан жас өз қолымен спорттық көліктердің спорттық және ретро түрлерін жасамақ болады. Велосипед бөлшектерінен балаларға арналған алғашқы автокөлігін мектеп қабырғасында 6-8 сынып оқыған кезінде құрастырыпты. Осыдан кейін бойдағы талант оның қиялын көкке қанаттандырып, көлік құрастыру ісіне қызығушылығын одан сайын жоғарылата түседі. Мектепті бітірер шақта ағайы әбден тозған әрі тоналған екі «Москвич» көліктерін сыйлайды. Бұл Темірдің алғашқы өз көліктерінің негізін қалауға үлкен көмек болыпты.

"Ағайым берген «Москвич» көліктері менің автокөлік құрастыруыма зор себепкер болды. Толығымен тот басып, әбден шіріп кеткен автокөлік шанағын түгелдей бұзып тастап, металлға өткіздім. Бірқатар саймандарын жаңартып моторын салып, басқа да қажетті бөлшектерін ғаламтор арқылы тапсырыс беріп көлік құрастыруға кірістім. Ақыры өз қолыммен немістің «Родстер» ретро көлігіне ұқсас "Мерседес" көлігін жасап шықтым. Жастық шақтың қызуымен сол көлікпен қала ішіне де қыдырып шығатынмын. Одан кейін «Багги Ф» көлігін құрастырудың сәті түсті. Ол көлікті біршама уақыттан соң сатып жібердім. Одан кейін басқа да көліктерді құрастыруға кірістім", - дейді Темір Мырзабеков.

Бұдан кейін Темір америкалық қос орындық кабриолет көлігіне қызығушылығы ауып, жасап көрмекке бел буыпты. Араға біршама уақыт салып, төбесінен салқын самал есетін кабриолет көлігі де тап-тұйнақтай болып дайын болады. Бұған да ескі москвичтің басқа да темір-терсектерін қиыстырып, арасында тапсырыспен алдыртып құрастырыпты. Бірақ талабы таудан биік кейіпкеріміздің жігерін құм еткен жайлар да болыпты. Өзі құрастырған көліктерін тіркеуге қанша ұмтылғанымен ешбір органнан қуантарлық жауап болмаған.

"Автокөліктерді құрастырып шығарып құжаттарын заңды түрде тіркетіп жасатпақ болғаныммен әрекетімнің еш нәтижесі болмады. Жергілікті жерде тіркеуге еш мүмкін болмаған соң, Парламентке, Үкіметке, тіпті Президентке дейін хат жаздым. Одан кейін тіпті Мәскеуге де арнайы хат жазып жауап күттім. Бірақ күні бүгінге дейін құрастырылған көлікті тіркеуге алу заңмен қарастырылмапты. Яғни, мен сияқты көлік құрастырған аздаған адам үшін заңды өзгерткілері жоқ. Жасаған көліктерімді заңдастырғым келеді", - дейді Темір Манарбекұлы.

Темірдің қолынан шыққан соңғы техника көрген адамды тіпті таң-тамаша етеді. Мототехниканың моторын пайдаланып жасалған оймақтай ғана трактор қазір үй шаруашылығына таптырмас көлік. Шамамен тоғыз аттың күші бар трактор ауыр жұмыстарға жегілмегенімен, үй алдындағы қарды тазарту, көмір тасу, қоқыс төгу сияқты жұмыстарды оп-оңай атқарады.

"Тракторды толықтай жасап шығуға екі жылдай уақыт кетті. Алғашқы моторы, қаңқасын құрастыру жеңілдеу болғанымен одан кейін қажетті бөлшектерін Қытайдан, ғаламтор арқылы іздеп шөміш, сырғыш сияқты қосымша агрегаттарды қостым. Қосалқы бөлшектерді қосқанда шамамен 500 мың теңгеге шықты. Қазір үй маңындағы барлық шаруаны осы шағын тракторымның көмегімен істеймін", - дейді Темір.

Кейіпкеріміз қазір аудандық әкімдіктің шаруашылық бөлімін басқарады. Басына түрлі тың идеялар келетінін айтқан Темір мемлекет тарапынан қаржылық мүмкіндіктер болса талантты жастардың баршылық екенін айтады. Дегенмен жас жігіт мемлекеттен лайықты назар аударылмауының салдарынан жас таланттардың сырт елдерден өз орындарын тауып жатқанын ашына айтты.

"Елімізде түрлі талантты жастар бар. Бойында өнері бар, техниканың тілін білетін,  қолынан іс келетін жастар қолдау таппаған соң шетел асып кетіп жатыр.  Мәселен менің бір ағайын інім суретті керемет салатын. Елден еш қолдау болмаған соң шетелге кетті. Қазір оның туындылары шетелде жоғары сұранысқа ие. Инвестиция салып жатқан адамдар да бар екен. Сол сияқты басқа да түрлі сала мамандары елде қаржылық жағдайларға байланысты шетел асып кеткен", - дейді Темір.

Темір болашақта Отандық бренд болатын автокөліктердің шығарылуына өзінің үлесін қосқысы келетінін жеткізді. Біз де отыздан жаңа асқан Темірдің елі үшін әлі де талай қызмет ететіне сенім артып, әр ісіне сәттілік тіледік.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!