Алматыдағы шұрық тесік жолдардың көліктерге келтірер залалы аз болмай тұр. Тіпті кейбір жолдардағы олқылықтар көлік апатына әкеліп соқтырып жатыр. Алайда жол көлік оқиғасы орын алған жағдайда "әкімдік келтірілген шығынды көп жағдайда өтеп бермейді" дейді заңгерлер. Massaget.kz тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
Көшедегі кәріз беттерінің ашық қалуы немесе кейбір шұңқырлардың дер кезінде бітелмеуі салдарынан көлігін ұрып алған жүргізушілер жыл сайын көлігінің қосалқы бөлшектерін ауыстыруға мәжбүр. Ал кейбіреуі тіптен жол апатына ұшырап, түрлі дене жарақаттарын да алып жатыр.
"Жол жасайтындар қоршау қоймағандықтан көлік апатына ұшырадым. Аман қалғаныма "шок" болып тұрмын. Ал көлік жүруге жарамсыз. Астынан маторы жарылып кетті, алды мыжылып қалды. Бұл жолға неге қоршау қоймағанын, келеңсіз жағдайға кім жауап беретінін білмеймін. Жолдағы қоршалмаған ойықтың кесірінен осылай болды. Дәл осы жолға жауапты компания жауапкершілікті алып, жолмен қатар біздің көлікті де жөндейді деген әділ шешімге әрекет етеміз", - деп жазды блогер.
"Ең алдымен жәбірленуші әкімшілікке сотқа дейінгі талап арыз жазуы керек. Содан кейін арнайы анықтамалар алып сол сотқа дейінгі талап арызға келтірілген залалдың сомасын тіркесін. Егер әкімдік келтірілген залалды өтеп бере алмайтынын айтса дереу сотқа жүгіну керек. Мұндай жағдайлар көп жағдайда сот арқылы шешіледі", - дейді заңгер Ғабит Өмірбек.
Десек те, осындай шұңқырларға соғылып немесе көлігіне ағаш құлап кеткен жүргізушілер әкімліктен көп жағдайда келтірілген шығынды өндіріп ала алмайды. Себебі әкімдік өкілдері апатқа жауапты жеке компанияларды кінәлап, бастарын ала қашатын көрінеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!