Сенат дәлізінде журналистер депутат, ішкі істер министрінің бұрынғы бірінші орынбасары Марат Қожаевтан қыс мезгілінде көлікті қыздырғаны үшін жүргізушілерге айыппұл салу қаншалық әділ екенін сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қожаевтың айтуынша, көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салу ережесі жаңа ереже емес, бұл ереже бұған дейін де қолданыста болған, оның мақсаты - экологиялық стандарттарды сақтау.
"Бұл шаралар экологиялық нормаларды сақтау үшін қабылданған. Әсіресе ірі қалаларда ауа қатты ластанған", - деп түсіндірді ол.
Сенатордың сөзінше, осы бап бойынша жүргізушілерді жауапқа тарту үшін нақты дәлелдер болуы қажет.
"Мұндай жағдайда бейнежазба, тіркелген уақыт және басқа да дәлелдер қажет. Мұндай дәлелдер болса, азаматтар әкімшілік тәртіпте жазаға тартылады. Мұндай нормалар дамыған елдерде де бар", - деді ол.
Марат Қожаев - Ішкі істер министрлігінде 1984 жылдан бастап жұмыс істеді. 2019 жылғы 6 сәуірден бастап 2024 жылғы 4 қазанға дейін Қазақстан Республикасының ішкі істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. Арнайы атағы - полиция генерал-лейтенанты.
Еске салайық, бұған дейін енді қазақстандықтар көлікті 5 минуттан артық қыздырса, айыппұл төлейтіні хабарланды.
Бұл ереже бойынша айыппұл мөлшері - 5 АЕК (2025 жылы 19 660 теңге), ал қайталанған жағдайда 10 АЕК (2025 жылы 39 320 теңге) болады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз