Көлікті техникалық байқаудан өткізу талабы күшейтіледі

Кейінгі 3 жылда елдегі көліктердің техникалық тексерістен өткізілгенін растайтын 4000-нан аса құжат жалған деп танылып, заңды күшін жойған. Енді елімізде көлікті техникалық байқаудан өткізу талабы күшейтіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Осы күнге дейін көп жүргізуші темір тұлпарын арнайы орталыққа кіргізбей-ақ қашықтан заңсыз құжат жасатып келген. Олқылықты түзеу үшін биыл сәуірден бастап елде көлікті техникалық байқаудан өткізу талабы күшейтіледі. Тексеріс кезінде мамандар көліктің құжаттағы суретіне қарайды. Егер арнайы бағдарлама арқылы өңделгені немесе белгілі бір тұстары өзгертілгені анықталса, тапсырыс беруші де, оны орындаушы да әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Сондай-ақ техникалық байқау орталықтары көліктің жарамдылығын растауға арналған құрылғылардың, білікті мамандардың және жалпы стандартқа сай ғимараттың барын жергілікті жердегі құзырлы органдарға дәлелдеуі керек. Әйтпесе олардың қызметі заңсыз деп танылады. 

"2012 жылдан бастап сол параметрлердің барлығы кіріп отыр. Қазіргі бұйрықпен "хабарландыру" талабы кетеді де, "рұқсатнама" талабы келеді. Ғимаратты келіп, тексеріп, қабылдайды. Содан кейін ғана реестрге кіргізеді. Бұған дейін фотошоп болды, талапқа сәйкес келмейтін техникалық байқау құжаттары анықталды", - деді "ҚР Техникалық байқау операторларының одағы" заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бірлестігі қауымдастығының президенті Бауыржан Шайдолла.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!