Атырау облысы Құрманғазы ауданының тұрғыны Бейсенбай Әжіғалиев І топ мүгедегі. Елмен бірдей еңбек етіп, отбасын асырап жүр. Сонысымен ол көпшілікті сүйсіндіріп, төзімділік пен табандылықтың жарқын үлгісіне айналып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі AtyrauPress-ке сілтеме жасап.
Бейсенбай Әжіғалиев дүниеге дені сау болып келген, елмен қатар білім алып, жұмыс істеген. Сөйтіп, Атырау мұнай өңдеу зауытында қызмет етіп, 2007 жылы отбасын да құрған. Содан соң теміржол саласына жұмыс ауыстырған.
"Машинист болып жұмыс жасап жүрген уақытымда қатты ауырып қалдым. Бұл 2011 жыл болатын. Күтпеген жерден инсульт алып, екі аяғым мен екі қолым тартылып, жұмыс істемей қалды. Бір жыл төсек тартып жаттым. Орнымнан қозғала алмадым. Жұбайым Динараның көмегі көп болды. Жұбайымның күтімі, дәрігерлердің көмегі арқасында қоларбаға отыратын жағдайға жеттім. Ол кездегі ішкі жағдайымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ешқайда шыққым келмейтін, адам баласын көргім келмейтін, бірақ Динарамның табандылығының арқасында, қоғамға қайта сіңе бастадым.
2015 жылы көлігімді Ресейдің Астрахань қаласына апарып, тетіктерін қолмен басқаратындай етіп, қайта жасаттым. Сөйтіп, такси тасымалымен айналыса бастадым. Қазір аудан ішіне жолаушыларды тасымалдап жүрген жайым бар. Әлі күнге дейін көлікке әйелім көтеріп мінгізіп, көтеріп түсіреді. Алға қарай автокөліктің электр жабдықтарын қарайтын техникалық қызмет көрсету орнын ашу жоспарымда бар. Өмір – сынақ. Сынақтан өтудің екі жолы бар. Біріншісі – ештеңе істемеу, екіншісі - тәуекел етіп, әрекетке көшу. Әрекет түбі – берекет", - дейді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!