- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Көлік тұрақтарына кіргізбейді“....
“Көлік тұрақтарына кіргізбейді“. Мопедтерге арнайы тұрақ қашан ашылады?
Алматыда мопед иелері күрделі мәселелермен жиі бетпе-бет келіп жатады. Солардың бірі арнайы тұрақтардың жоқтығы және тұрғын үй кешендерінің тұрақтарына қолжетімділіктің шектелуі. Бұл олардың мопедттерді кез келген жерге қоюуына мәжбүр ететін көрінеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Соңғы жылдары Алматыда мопедтердің танымалдылығы айтарлықтай өсті. Бұл ықшам және үнемді көліктер маневрлігімен және экологиялық тиімділігімен үлкен сұранысқа ие болды. Дегенмен, мопед жүргізушілерінің өсіп келе жатқан армиясы қиыншылыққа тап болады. Олар үшін қазір үлкен мәселе - инфрақұрылымның жоқтығы.
Тұрақ дағдарысы
Фото ©️ Tengrinews.kz / Алихан Сариев
Алматыдағы мопедистер үшін басты қиындықтардың бірі - арнайы тұрақтардың жоқтығы. Көптеген тұрғын үй кешені қауіпсіздік мәселелерін алға тартып, өздерінің тұрақты тұрақтарында мопедтерді қабылдаудан бас тартады. Осының салдарынан мопедистер көліктерін белгіленбеген орындарға қалдыруға мәжбүр, бұл ұрлық пен басқа да жағымсыз оқиғалардың қаупін арттырады.
"Мопедімді ұрлап кете ме деп үнемі алаңдаймын, өйткені оны қоятын жерім жоқ, тұрғын үй кешендері бізді көлік тұрақтарына кіргізбейді, ең құрығанда арнайы орындар да жоқ", - дейді алматылық мопед жүргізушісі Қасен Дулатбек.
Қалалық мобилділік басқармасы не дейді?
Бұл мәселені шешу жоспары бар-жоғын білу үшін Алматы қалалық мобилділік басқармасына сауал жіберілді. Бөлімнен алынған жауап жақын арада жағдайды жақсартуға үміт қалдырмайды. Ведомство қалада мопедтерге арналған арнайы тұрақ орындарының жоқтығын және олардың құрылысы жақын арада да жоспарланбағанын айтты. Сонымен қатар, мұндай тұрақтардың есебі жүргізілмейтінін және оларды ұйымдастыру толығымен кикшерингтік компанияларға жүктелетінін жеткізді.
"Басқарма мопед және самокат арнайы тұрақтартарын ұйымдастырмағандықтан, оның есебін жүргізбейді. Бұл жұмысты кикшерингтік компаниялар өз мобильдік қосымшаларында жүзеге асырады. Сондай-ақ, басқарма мопедтерді жалға беретін компаниялардың қызметін қадағаламайды.", - делінген хабарламада.
АҚШ-тың үлкен қалалары мопед тұрақтарымен қамтылған
Фото ©️ depositphotos.com
Америка Құрама Штаттарында жұмыс істейтін отандасымыз Шорман Садыр, елдің үлкен қалаларында арнайы мопед тұрақтары қарастырылғанын айтты.
"Үлкен қалаларда курьерлердің көптігіне байланысты мопед те көп. Сол үшін кейбір жерлерде мопед тұрағы үшін арнайы орындар қарастырып қойған. Мопедтер көшедегі заңды орындарға, мысалы, стандартты тұрақтарға тұра алады. Кейбір жағдайларда бірнеше мопед бір көлік орнына тұра алады. Кейбір қалаларда, мысалы Чикагода мопедтер жол жиегіне 90 градус бұрышта перпендикуляр тұруы керек. Нью-Йоркте мопедтерді жол жиегіне бұрышпен қоюға болады, бірақ кем дегенде бір дөңгелегі бордюрге тиіп, көліктің ешбір бөлігі жиектен 6 футтан аспауы керек", - дейді Шорман Садыр
Велосипед жолдары жалғыз жұбаныш
Фото ©️ Tengrinews.kz / Алихан Сариев
Мопедтер мен скутерлерге арналған тұрақтардың жоқ болғанымен арнайы жолдар салуда қадамдар жасалып жатыр. Қазіргі уақытта Алматыда велосипед жолағы 13 көшеде, велосипед жолы 34 көшеде бар. 2027 жылға қарай олардың саны еселеп өспек. Басқарма хабарламасында алдағы уақытта арнайы жол салынатын көшелер тізімі көрсетілген:
- Саин көшесінде Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейін;
- Төле би көшесінде Яссауи көш-нен қала шекарасына дейін;
- Абай даңғылында Строительная көшесінен қала шекарасына дейін;
- Жұбанов көшесінде Момышұлы көш-нен қала шекарасына дейін;
- Рысқұлов даңғылында Оңғарсынова көшесінен қала шекарасына дейін;
- Тілендиев көшесінде Рысқұлов даңғылынан қала шекарасына дейін;
- Солтүстік айналым көшесі қала шекарасына дейін;
- Мұқанов көшесінде Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейін;
- Хмельницкий көшесінде Қайрат шағын ауданынан Талғар тасжолына дейін;
- Райымбек даңғылында Жетісу көшесінен ШААЖ-ға дейін.
Басқарма мәліметінше, арнайы жолдарды гранит бордюрымен ұйымдастыра отырып, ені 3 метр 1 шақырым велосипед жолын салу үшін орташа есеппен 25 миллион теңге қаражат кетеді екен.
Десе де алматылық мопедшілер қиын жағдайда қалды. Олардың көліктерін қауіпсіз қоятын жері жоқ, ал қала инфрақұрылымы олардың мәселелерін шешу жолдарын ұсынуға әлі дайын емес. Жағдай жақын арада өзгермеуі мүмкін болса да, мопедтерге арналған арнайы тұрақтар құру мәселесі ерте ме, кеш пе, қала билігінің күн тәртібінен де өз орнын табады сөзсіз. Өйткені, екі доңғалақты көлікті таңдайтындар саны күннен-күнге артып келеді, бұл мәселенің шұғыл шешімін табуын талап етеді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Н. Ынтымақұлы