"Көлік сәулелену шығарады". Қазақстанда көбейген электромобильдер адам өміріне қауіп төндіретіні рас па?

Алдағы жылдары Қазақстанның автонарығында бәселестік артады. Сарапшылар биыл жыл соңына дейін елімізге 15 қытайлық бренд келеді деп болжап отыр. Бірақ қазақстандық инфрақұрылым электромобильдердің мұндай ағынына дайын ба? Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі электромобильге қатысты маңызды жауаптардың жауабын табуға тырысты. 

Электромобильдер қарапайым көлікке қарағанда айтарлықтай ерекшеленеді, мысалы, іштен жанатын қозғалтқыштың орнына электр қозғалтқыш, басқа энергия көзі, беріліс қорабының құрылымы. Ең алдымен мұндай көліктің басты артықшылығы мен кемшілігін тізіп көрейік. Қазақстан Автокөлік Одағының сарапшысы Әділбек Орумбаевтың айтуынша, көлік сатып алар кезде қаражатты әлдеқайда үнемдеуге болады. 

Артықшылықтары: 

  • Үнемділік. Жанармай мен техникалық қызмет көрсету шығына азаяды. Электр көлігін қуаттандыруға жанармай құюға қарағанда шамамен 10 есе аз қаражат кетеді;
  • Сенімділік. Электр машинасында сынуға қабілетті бөлшектер әлдеқайда аз. Жолдың ортасында тұрып қалу қаупі де төмен;
  • Қауіпсіздік. Көлік соғысқан кезде жүргізуші мен алдыңғы жолаушы ІЖҚ мен БӨП секілді көлемді бөлшекке тиіп, зақым алмайды;
  • Жайлы.

"Жеке тұлға электромобильді утиль және кеден салықсыз импорттай алады, әсерінен электромобильдің бағасы әлдеқайда төмен болады. Сондай-ақ, электромобильді пайдалану кезіндегі шығынның құны жанармаймен қозғалатын көлікпен салыстырғанда 2 есе төмен", - деп түсіндірді сарапшы.

Кемшіліктері:

  • Бағасы қымбат, сондықтан мұндай көлік барлығына бірдей қолжетімді емес;
  • Жиі қуаттау керек. Егер сіз автокөлікті арнайы станцияда қуаттасаңыз, кем дегенде 40 минут күтуіңіз керек;
  • Қыста көлік қуатының азаюы;
  • Дамымаған инфрақұрылым. 

2021 жылы елімізде шамамен 450 электромобиль тіркелсе, бүгінде бұл сан 8 970-ға дейін көбейген. Яғни 3 жылда электромобиль пайызы 20 есе артты. Алайда электромобильдің үлесі республикадағы бүкіл автокөліктің арасында шамамен 1 пайыздан аспайды.

Электромобиль өмірге қауіп төндіре ме?

ТЖМ мәліметінше, Қазақстанда электромобильдер мен оларды қуаттау станцияларын қауіпсіз пайдалануды айқындайтын талап әзірге жоқ, бірақ қазіргі уақытта шет елдердің тәжірибесі зерделеніп, бейінді министрліктер үшін бірқатар ұсыныстар дайындалып жатыр.

Сонымен қатар, әлеуметтік желіде электромобиль адам өміріне қауіп төрдіретіні туралы ақпарат тарады. Ақпаратпен бірге видео да пайда болды. Видеода ер адам ұялы телефоннан, тоңазытқыштан, микротолқынды пештен және электромобильден сәулелену деңгейін өлшейді. Нәтиже бойынша, көліктің ішінде отыру өмірге қауіпті болып шығады.

Алайда Stopfake.kz басылымы бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Жалпы қазақстандықтар арасында сәулелену тақырыбы өте танымал. Оны анықтау үшін сәулеленудің екі түрі бар екенін түсіну керек: иондаушы және иондаушы емес. Сәулеленудің бірінші түрін, яғни иондаушы сәулеленуді радиация деп те атайды. Мұндай сәулені радиоактивті элементтер, рентген аппараттары және басқа да медициналық жабдықтар шығарады.

Иондаушы емес сәулелену - бұл электр плитасы, микротолқынды пеш, теледидар және т.б. сияқты тұрмыстық техникадан шығатын жарық, жылу, радиотолқын, электромагниттік сәулелену. Электромобиль иондаушы емес сәуле шығарады. Сондықтан бұл адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейді. 

Электромобиль және қоқыс мәселесі

Сонымен қатар, кейбір сарапшылар электромобиль Қазақстанның онсыз да шиеленісіп тұрған қоқыс мәселесіне теріс әсер етеді деп болжады. Олардың сөзінше, электромобильдің автобөлшектері ескірсе, ол мемлекет аумағында қоқыс болып қала бермек, өйткені бізде бөлшектерді қайта өңдейтін кәсіпорын әлі де тапшы.

Дегенмен Қазақстан Автокөлік Одағының сарапшысы Әділбек Орумбаев былтыр бекітілген инфрақұрылымдық жол картасы бұл мәселені шешетінін айтып, сендірді. 

"Бүгінде қоқыс мәселесі ашық болып тұр. Бірақ, былтыр электромобильдерге арналған инфрақұрылымдық жол картасы бекітілген еді. Сол құжаттың шеңберінде еліміздегі қолданған батареялардың қайта өндеу мәселесі шешілуі тиіс", - деді ол. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Баланың атын өзгертуге бола ма?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!