Көлік салонынан сіріңке лақтырған жүргізуші 1,6 млн теңге төлеуге міндеттелді

Астанада автотұрақта болған өртке байланысты сот жүргізушіден 1,6 миллион теңгеден астам шығын өндіру туралы шешім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға 2025 жылдың мамыр айында елордадағы автотұрақтардың бірінде болған. Іс материалдарына сәйкес, ер адам көлігінде отырып темекі тұтатып, жанбай қалған сіріңкені терезеден сыртқа лақтырған. Арада көп уақыт өтпей, жанында тұрған газ баллонды жабдықпен жабдықталған Audi A6 көлігі өртеніп кеткен.

Сыртқы бейнебақылау камералары өрттің шығу сәтін тіркеген. Тәуелсіз сарапшының қорытындысына сәйкес, келтірілген шығын көлемі 2,9 миллион теңгеден асқан.

Сараптама нәтижесі бойынша өрт Audi көлігінен газдың шығуы салдарынан пайда болған газ-ауа қоспасының тұтануынан болған. Ал тұтану көзі ретінде жауапкер лақтырған сіріңке көрсетілген.

Қылмыстық іс ер адамның әрекетінде қасақана ниет болмағандықтан тоқтатылған. Сондай-ақ әкімшілік іс жүргізу де ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жабылған. Дегенмен сот бұл жағдай оның келтірілген шығынды өтеу міндетінен босатпайтынын атап өтті.

Сонымен қатар сот өртенген көліктің иесі де өрескел абайсыздыққа жол бергенін анықтады. Ұзақ уақытқа тұраққа қойған кезде газ баллонды көлікке қатысты өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған, соның салдарынан газдың ағуы орын алған.

Сот өрттің шығуына екі фактор – терезеден лақтырылған жанбаған шырпы мен газ жабдығын пайдалану талаптарының бұзылуы себеп болған деген қорытындыға келді.

Нәтижесінде талап арыз ішінара қанағаттандырылып, жауапкерден материалдық шығын мен сот шығындарын өтеу үшін 1,6 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді.