- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Көлік нөмірін ұрлағандар...
Көлік нөмірін ұрлағандар қалай жазаланатыны белгілі болды
Көлік нөмірін ұрлағандар қатаң жазаланады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Kolesa.kz мәліметінше, Әділет министрлігі тиісті заңға өзгеріс енгізу жобасын дайындады. Полицейлер қазір көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін ұрлау дерегін Қылмыстық кодекстің 188-бабы бірінші бөлігі ("Бөтеннің мүлкін жымқыру") бойынша қарастырады, бірақ қылмыс құрамының болмауына байланысты іс жабылып қалады екен. Елімізде мемлекеттік нөмір тауар-материал саналмайтындықтан, тергеушілер амалсыз істі тоқтатады.
"Көлікті тіркеп, мемлекеттік нөмір алған кездегі төлем Салық кодексінде біржолғы өтеусіз алым ретінде көрсетілген. Осыған орай азаматтың мемлекеттік тіркеу нөміріне меншік құқығы болмайды, демек қылмыстың басты белгісі саналатын материалдық шығын жоқ", - дейді Әділет министрлігі өкілдері.
Заңгерлердің айтуынша, заңдағы осы олқылыққа байланысты машина нөмірін ұрлағандар жазасыз қалады, ал нөмірі ұрланған азаматтар оны қайта рәсімдеу үшін материалдық және моральдық тұрғыда зиян тартады.
Осындай ұрлықтың алдын алу үшін Әділет министрлігі Қылмыстық кодекстің 384-бабы 3-бөлігіне мемлекеттік тіркеу нөмірін қосуды ұсынып отыр. Енді мемлекеттік нөмірді ұрлау ресми құжат, мөртабан немесе мөрдi пайдакүнемдiк немесе жеке бастың өзге де мүддесiне орай жымқыру, жою, бүлдiру немесе жасыру қылмысымен теңестіріледі. Бұл бап бойынша 160 АЕК мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамау жазасы кесіледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш