Көлік министрлігі “Ақ жол“ партиясының айыптауларына жауап берді

Көлік министрлігі "Ақ жол" партиясының ведомство мен оған қарайтын ҚТЖ кәсіпкерлердің бизнесін заңсыз иемденіп жатыр деген айыптауын жоққа шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Вице-министр Мақсат Қалиақбаров Мәжіліс депутаты атап өткен екі компаниядан да қайтарылған ғимараттар мемлекет меншігі екенін алға тартты.

"Біріншіден, министрлік жекеменшікке тиесілі мүлікті тартып ала алмайды. Екіншіден, біз сараптама қорытындысы негізінде магистральді теміржол және станция жолдарының ережелерін анықтайтын құжатқа өзгерістер енгіздік. Сараптама қорытындысына сәйкес, қандай жолдар магистральді теміржолдарға, ал қайсысы станциялық жолдарға жататынын нақтыладық. Теміржол көлігі туралы заңға сай, Перуашев айтқан екі нысан мемлекеттің меншігі болып табылады. Олар стратегиялық нысандар болғандықтан, тек бір оператор - ҚТЖ ғана оларды басқара алады. Біз ештеңені тартып алған жоқпыз, тек ережелерге өзгеріс енгіздік. Бұл шешімді комиссия қабылдады, оның құрамында прокуратура, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, сондай-ақ барлық мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері болды," - деп түсіндірді Қалиақпаров.

Депутаттың уәжі

Осыдан бір апта бұрын депутат Азат Перуашев "Қазақстан теміржолы" мен Көлік министрлігі кәсіпкерлердің бизнесін иемденіп жатқанын айтып, Бас прокурордан жәбірленушілердің құқығын лайықты деңгейде қорғауды сұраған еді.

"Бұл тенденция қарқын алып келеді. Енді мемлекеттік органдар ғана емес, сонымен бірге монополистер де басқа кәсіпорындардың меншігіне "қол сұға бастаған". Бұл солардың қитұрқы әрекеті", - дейді депутат.

Перуашевтің мәліметінше, 2011 жылы "АНГРЕНСОР Ltd." ЖШС-ы 1,5 млрд теңгеге Павлодар облысындағы Атығай бекетінде ғимарат тұрғызып, теміржолдарын салған. Алайда ҚТЖ АҚ сот арқылы бұл компанияны нысанды мемлекетке тегін негізде қайтаруын міндеттеген.

Дәл осындай жолмен Көлік министрлігі Маңғыстау облысындағы "Каскор-Транссервис" АҚ-ына кірме теміржол рельстерін тегін негізде мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарған. Бұл нысан 1990 жылдан бері "Каскор-Транссервис" компаниясының иелігінде болды.

"Каскор-Транссервис" ісі

2023 жылы "демонополияландыру" бағдарламасы аясында Маңғыстау облысындағы "Каскор-Транссервис" АҚ-ның теміржол жолдары мемлекет меншігіне қайтарылған болатын. Компания бұл нысандарды 1990 жылдан бері басқарған және аймақтағы жүк тасымалының негізгі буыны саналады. ҚТЖ-ның ресми мәлімдемесіне сәйкес, бұл шешім "Теміржол көлігі туралы" заңға және елдің стратегиялық мүдделерін қорғауға сай қабылданған. Алайда, компания басшылары теміржолдарды жеке қаражат есебінен салғанын алға тартып, бұл әрекетті заңсыз деп бағалады. Бұған дейін, "Каскор-Транссервис" теміржол рельстері мемлекет меншігіне тегін негізде тапсырылғаны туралы ақпарат тараған еді. Бұл жағдай компания мен оның қызметкерлері арасында алаңдаушылық тудырып, 600 адам митингке шыққан болатын.

ҚТЖ мен заңнама негіздері

ҚТЖ-ның мәлімдемесіне сәйкес, магистральдық теміржол желілері тек мемлекеттік меншікте болуы тиіс, ал бұл шешім Әділет министрлігінің мақұлдауынан өткен. Елдің стратегиялық маңызын сақтау мақсатында қабылданған бұл шешім қоғамда әртүрлі пікірлер тудырды. Айта кету керек, бұл жағдай 2023 жылдың шілдесінде қабылданған активтерді мемлекетке қайтару туралы заңмен де байланысты. Құжат бойынша мемлекетке заңсыз алынған активтерді қайтару шаралары қолға алынды. Осы уақытқа дейін елге 1 триллион теңгеден астам активтер қайтарылғаны хабарланды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!