Көлік қағып кеткен баланың ата-анасы табылмай жатыр: Түркістанда балалар түн жарымда жарапазан айтып жүр
Түркістанда түн жарымда көшедегі көліктердің арасын жаяу кезіп, жарапазан айтатын балалар көбейген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тіпті арасында өз аумағынан алысқа кетіп, үйін таба алмай адасып қалғандары да бар. Солардың бірінің суреті кейінгі аптада WhatsApp желісінде тараса, бүгін тағы бір баланың суреті тараған. Ал өткен жолы үйін таппай қалған бала ата-анасымен аман қауышқан.
Бүгін де үйінен адасып қалған баланың суреті жарияланған.
"Түркістан қалалық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде отыр. Көлік қағып кетіпті, ата-анасын таппай жатыр, мына баланы кім таниды? Қорқып айтпай отыр. Себебі өзі күн батқан кезде көліктер арасын кезіп, жарапазан айтып жүрген. Сол кезде көп көліктің бірі байқаусызда қағып кетсе керек. Қайта, дін аман. Қазір Түркістан қалалық емханасында отыр", - деген ата-аналардың бірі.
Қала тұрғындарының айтуынша, Рамазан айы басталғалы бері балмұздақ сататын дүңгіршектер маңайында кешқұрым ауызашардан бастап жарапазан айтатын балаларға толып кететін көрінеді. Түнгі 23.00-24.00 болғанына қарамастан, осылай көше кезіп жүретіндердің арасында тіпті қыздар да бар.
"Масқара, бағдаршамға тоқтар-тоқтамастан көліктің есігіне жармасады ғой жарапазан айтуға таласып", - дейді тұрғындардың бірі.
Көпшілік балаларын алаңсыз көшеге жіберіп қойып, іздемей отыра беретін ата-аналарына таңданыс білдірді.
"Балаларым көзден сәл таса болса, жүрегім ұшып, дереу іздеп шығам. Біреу бір жаққа сүйретіп әкетсе не болады? Онсызда соңғы кездері балалар жиі жоғалып жүр", - деді ата-аналардың бірі.
Еске салайық, бұған дейін жоғалып кеткен қыздың денесі үш күннен кейін Арыс-Түркістан арнасынан табылғаны хабарланған болатын. 11 жастағы қызбен бірге ойнаған көрші қыз екеуінің бірге су ағып жатқан каналға барғанын, ол сумен ойнағысы келіп, абайсызда каналға құлап кетіп, шыға алмай қалғанын айтқан.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы