Көлік жуу орындарына бақылау күшейтіледі

Көлік жуу орындарына бақылау күшейтіледі
Фото: depositphotos.com

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Салимов көлік жуу орындарында ауызсудың жұмсалуына бақылау қалай күшейтілетінін айтты, деп хабарлайды Massaget.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мұндай тәжірибені қисынсыз деп атап, Үкімет пен әкімдіктерді су тұтынуға бақылауды күшейтуге шақырған еді.

Вице-министрдің айтуынша, қолданыстағы ережелерге сәйкес, құбырдағы ауызсуды техникалық қажеттіліктерге пайдаланатын компаниялар мен кәсіпкерлер айналымдық немесе қайталама сумен жабдықтау жүйелерін орнатуға тиіс. Бұл талап көлік жуу орындарына да қатысты.

«Алдағы уақытта ауызсуды техникалық қажеттіліктерге пайдаланатын заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейтіп, оларға бақылауды қатаңдату үшін заңнамалық актілерге қосымша өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізіледі», — деді вице-министр.

Оның сөзінше, ведомство бассейндік инспекциялармен, су арнасы мекемелерімен және әкімдіктермен бірлесіп, көлік жуу орындары туралы деректерді нақтылап жатыр. Сонымен қатар кәсіпкерлерге суды қайта пайдалану жүйелерін енгізу жолдары түсіндіріліп жатыр.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай
Logotype Massaget