Абай облысында болған трагедияға қатысты сот отырысы басталды. Оқиға салдарынан 2-7 жас аралығындағы төрт бала қаза тапқан еді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
2025 жылы 19 тамызда Бестерек ауылында Toyota көлігін тізгіндеген 55 жастағы ер адам үйдің қақпасы маңында ойнап жүрген балаларды қағып кетті. Салдарынан үш бала көз жұмды: екеуі оқиға орнында, тағы бірі ауруханаға барар жолда. Үш бала ауыр жарақат алды.
Кейін тағы бір бала есін жимастан ауруханада көз жұмғаны белгілі болды.
Жүргізушіге қандай айып тағылды?
55 жастағы жүргізуші Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі "Көлік басқару ережелерін бұзып, абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкелу" бойынша айыпталып отыр.
9 желтоқсанда өткен сот отырысында прокурор Әділжан Шарапиев айыптау актісін оқыды. Құжатқа сәйкес айыпталушы 2013 жылдан бері "генерализацияланған эпилепсия және эпилепсия синдромы" диагнозымен диспансерлік есепте тұрған. Мұндай азаматтарға көлік жүргізуге тыйым салынған.
Соған қарамастан, 2025 жылы 19 тамызда ер адам жұбайын ертіп, Бестерек ауылынан Үржарға қарай көлікпен шыққан. Сапар кезінде жүргізушінің ұстамасы ұстап, рөлге ие бола алмай қалған. Көлік жолдың сол жағына шығып кетіп, үйдің қоршауын бұзып өткен. Сол аулада 2015-2018 жылдары туған алты бала ойнап жүрген.
Оқиға салдарынан екі бала сол жерде, біреуі ауруханаға барар жолда, тағы бірі 26 қыркүйекте Семей облыстық балалар ауруханасында көз жұмды. Қалған екі бала түрлі жарақат алған.
Tengrinews.kz
Жәбірленушілердің талабы
Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындайтынын айтты. Алайда қаза тапқан балалардың ата-аналары ең қатаң жаза қолдануды талап етті. Сот процесі әлі де жалғасып жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова