Автокөліктің айналасында түрлі жағдай кездеседі. Мәселен көлік жүргізу құқығынан айыру мерзімі аяқталды, бірақ куәлікті қайтару талаптары орындалған жоқ. Мұндай жағдайда көлік жүргізіп, жол полициясы тоқтатса не болады? Massaget.kz тілшісі біліп көрді.
Мұндай жағдайда көлік жүргізу құқығынан айыру мерзімін санау қашан басталады және сәйкесінше қашан аяқталатынын нақты біліп түсіну қажет. Жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі құқық бұзушы соттың тиісті қаулысын алғаннан соң 10 күннен кейін басталады. Өйткені 10 күн сотқа шағымдану мерзімі болып есептеледі. Шағымдану мерзімі аяқталғаннан кейін жүргізушінің жол полициясы бөлімшесіне жүргізуші куәлігін тапсыруға үш күн беріледі. Егер көлік иесі мұны жасамаса құқығынан айыру мерзімі басталмайды.
Алайда жүргізуші куәлігін қайтару талаптарын орындамай көлік жүргізуге мүлде болмайды.
"Мұндай жағдай көлік жүргізуге болмайды. Себебі ол кісі алдымен әкімшілік соттан соттың қаулысын алып, Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып емтихан тапсыруы тиіс. Емтиханнан сүрінбей өтсе жүргізуші куәлігін қайтарып ала алады. Ал егер жүргізуші куәлігінен айырылыды делік. Алайда шектеу мерзімі аяқталды. Бірақ куәлікті қайтару талаптарын орындамай көлікті басқаратын болса 612 баптың 2-3 бөлімі бойынша айыппұл салынады, оған қоса көлік басқарған азаматты 10 күнге уақытша ұстау изоляторына қамалады", - дейді заңгер Ғабит Өмірбек.
Сонымен қатар заңгер елімізде көлік тізгіншілерін жүргізуші куәлігінен айыратын жағдайларды атады. Бұл жағдайға есірткі қолданатындар мен ішімдік ішетіндер тап болады екен.
"Ең жиі кездесетін жағдай азаматтардың көлік құралын масаң күйде басқаруы. Масаң дегеніміз есірткі қолданып немесе спирттік ішімдіктер ішу. Әкімшілік кодекстің 608-бабы бойынша (7 жылдан жоғары қарай) жазаланады. Одан кейін жол көлік оқиғасын жасаған кезде 610 баптың 1,2,3-тармақтары бойынша, яғни адам өліміне әкеліп соқтырған жол апатын жасағанда жүргізуші куәлігінен (9 айдан жоғары) айырылады. Содан соң Әкімшілік кодекстің 596 бабына сәйкес жол жүру ережесін өрескел бұзған жағдайда (жолдың қарсы бағытына шығу) көлік құралын басқаруды бір жылға шектейді", - дейді заңгер.
Ал жаңа заң бойынша жүргізуші өзінің жеке куәлігін немесе жүргізуші куәлігін алып жүруі керек. Мүлдем құжатсыз жүруге болмайды. Құжатсыз жүрген жағдайда алдымен 612 бапқа сәйкес ескерту жасалады, ал бұл әрекет қайталанар болса 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Автокөлік айыппұл тұрағына қойылады.
Жол ережесін сақтап, жолда абай болыңыз. Өз өміріңіз - өз қолыңызда!
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!