Атырау маңында батпаққа батып қалған үш жеңіл көліктен құтқарушылар 12 адамды, оның ішінде 6 баланы аман-есен эвакуациялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға кеше кешкісін Атырауға қарасты Бесікты ауылы маңында, демалыс орындарының бірінің маңында болған. Үш жеңіл автокөлік батпақты жерге батып, өздігінен қозғала алмай қалған.
Жағдай туралы хабар алған Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері оқиға орнына жедел жетті. Жер бедерінің күрделілігі мен байланыс желісінің болмауына байланысты құтқарушылар жоғары өтімді техника мен спутник байланысын пайдаланған.
Нәтижесінде 12 адам, оның ішінде 6 бала қауіпсіз жерге шығарылып, жақын маңдағы елді мекенге жеткізілді. Құтқарылғандардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болмаған.
ТЖМ азаматтарды тазартылмаған және батпақты жолдармен, әсіресе түнгі уақытта, жеңіл автокөлікпен жүрмеуге шақырды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz