- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Көлік апатынан қайтыс...
"Көлік апатынан қайтыс болған туған бауырымның ұлы". Назарбаев сотталған немере інісі Қайрат Сатыбалды туралы
Нұрсұлтан Назарбаев "Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа" кітабында немере інісі Қайрат Сатыбалды туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Назарбаев немере інісі Қайратқа туған әкесіндей қамқорлық көрсеткенін жазған.
"Қ. Сатыбалдының жолсыздықтары жөнінде көп айтылды. Жалындап тұрған жігіт күнінде, 1981 жылы көлік апатынан қайтыс болған туған бауырым Сатыбалдының ұлы Қайратты әкесіндей қамқорлық жасап өсіріп едім. Хал-қадерінше білім алып, елдің ісіне араласып жүрді. Қызмет бабында да жоғарылап жатты. Қайрат жоғары әскери училищені бітіріп, ұлттық қауіпсіздік органдарында, Қорғаныс министрлігінде істеді, Астана қаласы әкімінің орынбасары болды, кейіннен бизнеске ауысты, қайырымдылықпен айналысты. Өңірлерде мешіттер, әлеуметтік нысандар салып, жұртқа тарту етіп жүрді. Ақтаудың, Сарыағаштың тұрғындары оған әлі күнге разылығын білдіріп жатады. Әттең, бизнестегі қызметінде заң бұзуға жол беріпті. Кейіннен "Қазақтелеком" ұлттық компаниясының қаржысын иемденді деген айып тағылып, істі болды. Алты жылға бас бостандығынан айырылды. Менен журналистер "Немере ініңізге қатысты сот шешімін дұрыс деп санайсыз ба?" деп сұрады. Не айтайын? "Сот шешімі әділ деп ойлау керек деймін. Егер адам шешім әділ деп санамаса, шағымдануы тиіс" дедім. Әрине, заң жағынан қарасақ, жоғарыда жазғанымдай, әр адам таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істеуге, қоғамдық-саяси қызметтер атқаруға және бизнеспен айналысуға құқылы. Елдің барлық азаматтары заң алдында бірдей екені тағы түсінікті. Дегенмен, ел басқаратын адамның жақын жандары мемлекеттік қызметте немесе квазимемлекеттік секторда жоғары лауазымдарға жеткені жұртшылық тарапынан қандай да бір түсінбеушілік туғызатынын ескермеуге тағы болмайды екен. Оны да уақыт дәлелдеп берді. Олар сол биіктерге лайықты екенін танытқан күннің өзінде көптің ішінен "Белгілі ғой, тіреушісі тіреп тұр ғой" деген сияқты сөз айтатындар бәрібір табылмай қалмайды. Елдің бетінде, желдің өтінде жүрген адамға сынақ көп. Сынақтың көкесі перзент сынағы, бауыр сынағы екен. Бойымдағы туабітті қайырымдылық пен адамға сенгіштігім өзімді ұрындырғанын мойындауға тиіспін. Президент кадрларға әділ қарауы керек, бірақ оларға, әсіресе туысқандарына қатқыл да талапшыл болуы тиіс. Жоғарыда айтылған кадрлық қателіктерім үшін әлі күнге жаным ауырады. Әр адам өзінің тағдырын өзі жасайды деген сол!" - деп жазылған кітапта.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова