- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Көлік әкеліп береміз"....
"Көлік әкеліп береміз". Бір топ тұрғын Сиви Махмуди мен оның көмекшісіне алданып қалған
"Дубайдан пайыз үстемесіз бір ай ішінде көлік әпереміз" деген жарнамаға сеніп қалған тұрғындар әнші Сиви Махмуди мен оның көмекшілеріне алдандық деп шағым айтты. Алданғандардың алды 18 миллион теңгені әншінің шотына аударған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қызылордалық ағайынды жігіттер осыдан үш ай бұрын әлеуметтік желіден Дубайдан пайыздық үстемесіз көлік тасымалдайтын жігіттердің аккаунтын көзі шалады. Сұрастыра келе, төңірегіндегі таныстарының су жаңа көлікті осы адамдар арқылы алғанын білген. Ортадағы делдал жігіт оған қоса өзін танымал әнші "Сиви Махмудидің көмекшісімін, әрі продюсерімін" деп таныстырыпты.
"Сиви Махмуди әнші болғаннан кейін сеніп қалдық. Сосын ойланбай ақша лақтыра салдық. Әнші ғой, беретін шығар деп ойладық. Ұзағы 21 күнде, бір айда береді деген еді, соңы лақтырып кетті", - дейді Сырымбет Жораев.
Олар тірнектеп жинаған ақшасын еш ойланбастан Сиви Махмудидің шотына аудардық дейді. Бес жарым миллион теңге шотқа түскен соң, өзін әншінің көмекшісімін деп таныстырған Абай Малахов ұшты-күйлі жоғалған. Енді не көлік, не ақша жоқ.
"Көлікті аламын деп алданып, жұбайыммен ажырасайын деп жатырмын. Атаанам да қатты уайымдап отыр. "Не қылдың, балам?" деп сұрайды", - дейді Жұмағали Елемес.
Осылай алданғандар саны қазір қырыққа жуықтаған. Сиви Махмуди бұл көмекшімен жұмыс істемейтініме біраз болды деп жауап берген. Қазір әнші экс-көмекшісінің үстінен арыз жазып, соттасуға дайындалып жатыр.
"Сіздің атыңызды пайдаланып жүр, ақша қарыз" деп, бір емес, екіүш адам хабарласты. Мен таң қалдым, Абайға хабарластым, ол мойындамай қойды. "Жоқ, мен олай істеген жоқпын, ондайды білмеймін" деді. Оған дейін менің карточкамды сұраған. "Карточкаларым бұғатталып қалған еді, бере тұрасыз ба?" деп сұраған", - дейді әнші Сиви Махмуди.
Ал көмекшісі Абай Малаховтың нақты қанша адамнан ақша алғаны белгісіз. Белгілісі, ол қазір Дубайда жүр, ал өзі "Мен де алданып қалдым" дейді.
"Мен осы телефонды ұстап жүргеніме 15 жыл болды. Телефоным қосылып тұр. Барлығымен байланыста отырмын. Мен қашып жүрген жоқпын. Инстаграмдағы парақшамды ашып қарасаңыз болады. Менде бәрін тіркеп, жазып алып отырған командам бар. Мен өзім де сондай жағдайға түсіп отырмын. Мені мына жақта бір миллион долларға алдап кетіп отыр", - дейді Сиви Махмудидің бұрынғы көмекшісі Абай Малахов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан