Көлігіңізге ағаш құласа, не істеу керек?

Күз басталып, күн суыған сайын, жаңбыр жиі жауып, дауыл көбейді. Салдарынан екпінді жел кезінде ағаш сынып, жол бойында немесе аулада тұрған көліктің үстіне құлауы әбден мүмкін. Мұндай кезде не істеу керек? Massaget.kz тілшісі анықтады.

Мұндай жағдайда мүлікке келтірілген залалды өтеу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін белгілі бір тәртіпті сақтау маңызды.

  1. Көлікке құлаған ағашты алуға, оның үстін тазалауға тырыспаңыз. Көлік зақымданған күйде қалуы керек;
  2. Мүлігіңіздің зақымдалғанын білгеннен кейін бірден сурет, видеоға түсіріңіз. Мүмкін болса, көліктің зақымдану дерегін растай алатын куәгерлерді табыңыз;
  3. Полицияға қоңырау шалыңыз, учаскелік полиция қызметкері зақымдану дерегін тіркеп, оқиға болған жерді тексеріп, кейін зақымдану себебін, сондай-ақ уақыты мен орнын көрсететін акт жасауы керек;
  4. Егер жақын маңдағы ғимараттарда бейнебақылау камералары болса, аумақты тексеріңіз, содан кейін ағаштың немесе бұтақтың құлау сәтін және оған дейінгі жағдайларды анықтау үшін бейнежазбаларды алу туралы жазбаша өтінішпен полицейлерге хабарласыңыз. Полиция қызметкерлері оқиға орнының сызбасын жасап, тиісті материалдарды жинауы керек. Құқық қорғау органдары өтінішті қабылдау туралы талон беруі керек;
  5. Келтірілген залалдың нақты сомасын анықтау үшін бағалау компаниясына хабарласыңыз;
  6. Сақтандыру компаниясына хабарласып, бұл оқиға сақтандыру жағдайына жатып-жатпайтынын және залалды өтеу қаншалық мүмкін екенін нақтылаңыз;
  7. Егер сақтандыру болмаса, онда ағаш орналасқан аумаққа кім жауапты екенін анықтау керек. Жауапкер ПИК немесе әкімдік болуы мүмкін. Ол үшін әкімдікке жазбаша сұрау салуға болады. Сондай-ақ eOtinish электрон порталы арқылы ақпарат сұратуға болады;
  8. Меншік иесі жауапты тұлға анықталғаннан кейін оған келтірілген залалды өтеу туралы талаппен сотқа дейінгі талап жіберіңіз. Залал мөлшерін анықтау үшін сізге бағалау компаниясының нәтижелері, сондай-ақ белгіленген шығындар (эвакуатор мен бағалаушылардың қызметтері үшін төлем чектері) қажет болады;
  9. Егер көрсетілген мерзімде қойылған талаптар қанағаттандырылмаса, сотқа талап-арызбен жүгіну керек. Қолда бар барлық дәлелді сотқа қосуды ұмытпаңыз. Егер сот талапкердің пайдасына шешім шығарса, жауапкер мүлікке келтірілген залалды төлеуге міндеттеледі.

Ескерту! Бұл тәртіп көлікке билборд, бағана және т.б. құласа да сақталады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!