- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Көлікті қысқа дайындау
Көлігіңіз қысқа дайын ба?: Неге мән беру керек?
Көлікті қыс мезгіліне дайындау - бұл көлік құралын пайдаланудың маңызды бөлігі, ол күтпеген ақаулардан қорғайды және суық мезгілде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Көлікті қысқа дайындаудың негізгі факторлары қандай? Толығырақ Мassaget.kz материалында.
Дөңгелек ауыстыру
Қысқы дөңгелек қар мен мұзда көліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Температура тұрақты түрде +7 °C төмен түссе, дөңгелектерді ауыстыру ұсынылады. Қысқы дөңгелекті таңдағанда мынаны ескеру керек:
Тікенекті (шегесі бар) немесе фрикциялық ("жабысқақ"): шегесі бар дөңгелек мұзды жолдар мен қарлы жерлерде жүруге қолайлы, ал "жабысқақ" дөңгелек қарлы және ылғалды қыста тиімді.
Протектор: терең протектор, әсіресе қарда көліктің тартуын жақсартады.
Аккумуляторды тексеру
Күн суытқанда аккумуляторға қосымша күш түседі және ескі аккумулятор көп жағдайда зарядты ұстамайды. Маманға барып, аккумулятордың жағдайын тексеріңіз:
Заряд деңгейін өлшеу: аккумулятор толығымен зарядталған болуы керек.
Тотығу бар ма, тексеру: токтың жоғалуын болдырмау үшін клемалар мен жалғауларды тазалаңыз.
Қуаттау: егер аккумуляторды қолданып жүргеніңізге 3-5 жылдан асқан болса, оны қыс келмей зарядтау немесе қажет болған жағдайда ауыстыру пайдалы болады.
Май мен сүзгілерді ауыстыру
Қыста май қоюланады, бұл қозғалтқыш жұмысын қиындатады, әсіресе оталдырған кезде. Төмен температураға қолайлы жеңіл (синтетикалық) майды қолдану ұсынылады. Сонымен қатар мыналарды тексеру маңызды:
Ауа сүзгісі: таза сүзгі қозғалтқыштың оңтайлы жұмысын қамтамасыз етеді.
Жанармай сүзгісі: алдын алу мақсатында сүзгіні ауыстыру бітеліп қалу қаупін азайтады.
Салқындату жүйесін тексеру және антифризді ауыстыру
Антифриз радиатордағы сұйықтықтың қатып қалуын болдырмайды, сонымен қатар қозғалтқышты қызып кетуден сақтайды. Төмен температураға жарамды екеніне көз жеткізу үшін:
Антифриздің тығыздығын өлшеңіз: ол өңірдің температуралық жағдайына сәйкес болуы керек.
Тесіктер жоқ па, қарап шығыңыз: антифриздің ағып кетуі қозғалтқыштың қызуына немесе салқындату жүйесінің қатып қалуына әкелуі мүмкін.
Тығыздағыштар мен есіктерді майлау
Есіктер мен құлыптар қатып қалмауы үшін есік тығыздағыштарын силикон маймен, ал құлыптарды мұз қатуға қарсы арнайы құралдармен өңдеп қойыңыз. Бұл аязда қатып қалудан қорғайды.
Тежегіш жүйесін тексеру
Қыста тежегіш жүйесі, әсіресе тайғақ жолда, жоғары жүктемеге ұшырайды. Мынаған назар аударыңыз:
Тежегіш төсемінің қалыңдығы: тозған болса, ауыстырыңыз.
Тежегіш сұйықтығы: ластанған не ескірген сұйықтық өзінің қасиетін жоғалтады, бұл тежеу өнімділігін төмендетуі мүмкін.
Көлікті қысқа дайындау кешенді тәсілді қажет етеді. Автокөліктің барлық жүйесін үнемі тексеріп отыру және арнайы қысқы құралдарды пайдалану көліктің тұрақты жұмысын және жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Осы нұсқауларды орындау арқылы суық мезгілде тәуекелдер мен күтпеген шығындарды азайтуға болады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Д. Шәріпхан