Жол апаты салдарынан төрт адам қаза тапты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
14 тамызда сағат 16:55-те "Покровка - Жаңажол" автожолының 75-шақырымында жол-көлік оқиғасы болып, адам өліміне алып келді.
Темір ауданы "Покровка - Жаңажол" тасжолының 75-шақырымында Темір қаласынан Кеңқияқ ауылы бағытында келе жатқан ВАЗ 2113 автокөлігінің 26 жастағы жүргізушісі қарсы қозғалысқа арналған жолаққа шығып кетіп, Мұғалжар ауданының 50 жастағы тұрғынының басқаруындағы КамАЗ көлігімен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан ВАЗ 2113 автокөлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапқан. Сонымен қатар, жеңіл автокөліктің тағы бір жолаушысы түрлі жарақаттармен Кеңқияқ ауылының ауруханасына жатқызылды.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.