Мәжіліс депутаттары Ішкі істер министрлігінен "көлікті бес минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салынатыны" туралы ақпаратты түсіндіруді сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжілістің баспасөз қызметінің мәліметінше, пікірталас барысында депутаттар ішкі істер вице-министрі Игорь Лепехаға азаматтарды адастыратын резонанстық ақпаратқа жедел пікір білдіру маңызды екенін айтқан. Соның ішінде "көлікті бес минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салынатыны" туралы ақпарат та бар.
"Көлікті 5 минуттан артық қыздыруға шектеу жоқ. Елді мекендерде тұрғындарға қолайсыздық туғызған жағдайда механикалық көлік құралдарымен оталдырған қалпы тоқтап тұруға тыйым салынады. Тек арыз түскен жағдайда бұл норма бойынша жауапқа тартамыз. Былтыр осындай үш жағдай тіркеліп, оның бірі прокуратура тарапынан жойылды. Яғни біз көлік қыздырған адамды жауапқа тартпаймыз", - деп сендірді вице-министр.
Бұл ақпарат қайдан шықты?
Жол ережесіне сәйкес көлік бес минутқа дейін тұрса, аялдау деп саналады, бес минуттан артық болса, тұру болып саналады.
Жол қозғалысы ережелерінің 88-тармағына сүйенсек, онда көліктің тұруына тыйым салынған жағдайлар көрсетіледі. Бесінші тармақшада бұл тұрғындарға қолайсыздық тудырса, елді мекендерде оталдырып тұрған қалпында механикалық көліктердің тұруына тыйым салынады деп көрсетілген.
Демек көліктің қозғалтқышы қосылып тұрса, бұл тұрғындарға қолайсыздық тудырса, онда ереже бұзасыз. Мұндай жағдайда алғашында 5 АЕК (19 660 теңге) көлемінде айыппұл, ал егер бір жыл ішінде қайталанса, 10 АЕК (39 320 теңге) айыппұл салынады.
Яғни ІІМ мен депутаттар мұндай жағдайда айыппұл салынбайды деп айтқан кезде полицейлер азаматтардың үйлеріне барып, бәріне бірдей айыппұл салмайды дегенді меңзеп тұр. Бірақ көршілеріңіздің бірі шағымданса, онда сізге айыппұл салынуы мүмкін.
Бұған дейін не белгілі?
Еске салайық, бұған дейін енді қазақстандықтар көлікті 5 минуттан артық қыздырса, айыппұл төлейтіні хабарланды.
Бұл ереже бойынша айыппұл мөлшері - 5 АЕК (2025 жылы 19 660 теңге), ал қайталанған жағдайда 10 АЕК (2025 жылы 39 320 теңге) болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова