"Көлігім ұрланды" деп жалған хабар берген Дағыстан азаматы ұсталды

"Көлігім ұрланды" деп жалған хабар берген Дағыстан азаматы ұсталды
Фото: polisia.kz

Алматы облысында полиция көлігі ұрланғаны жайында жалған ақпарат берген күдіктіні әшкереледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полиция қызметкерлері 46 жастағы Дағыстан Республикасының азаматын ұстады. Ол өзі сатқан көлігінің ұрланғаны туралы хабарлап, құқық қорғау органдарын адастыруға әрекеттенген.  

"Ер адам қымбат көлікті ұрлау туралы жалған өтінішпен жүгінді. Алайда, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктінің көлікті сатып, қасақана жалған ақпарат бергенін тез арада анықтады", - дейді Талғар аудандық полициясы.

Сондай-ақ ұсталған адам бұрын Ресей Федерациясының аумағында осындай схеманы жүзеге асырғаны туралы анықталды. Ол кезде ол көлікті қасақана өртеп жіберіп, сақтандыру төлемін алған, содан кейін осыған ұқсас көлікті сатып алып, тұра сондай алаяқтық жасауды көздеп, Қазақстанға келген. 

Көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан