- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Көлігім қылмыскердің қолында"....
"Көлігім қылмыскердің қолында". Қазақстанда көлік ұрлайтын алаяқ көбейді
Алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Енді олар тіпті көлігіңізді көз алдыңызда қолды қылудан ұялмайды. Астана тұрғыны Назерке Сұлтанбек Massaget.kz тілшісіне жақында тап болған жағдай туралы баяндап берді.
Назерке Сұлтанбек таяуда Алматыдан Астанаға көшкен. Көлігін жүк тасымалдаушы сайт арқылы жеткізбек болған, алайда кейіпкер ақшасынан да, көлігінен де қағылып отыр. Оның айтуынша, бұл - бұрыннан егжей-тегжей жоспарланған алаяқтардың схемасы. Олар алдымен сайт арқылы тапсырысты қабылдайды, барлық құжатты көрсетеді, көлікті қабылдап алғанда қабылдап алады да ізім-ғайым жоғалады.
"4 ақпанда жүк тасымалдайтын арнайы сайтта хабарландыру жарияладық. Қазір түсінгенім, бұл сайт өзіне тіркеліп, онда жұмыс істеп отырғандарды тексермейді. Себебі көп адам бұл арқылы алаяқтарға тап болған. Сол күні біреулер хабарласып, көлікті жеткізіп беретінін айтты", - дейді кейіпкер.
Оның айтуынша, көлігін сатып алғанына ұзақ болмаған.
Назерке Сұлтанбектің жеке архивінен
"Мен Астанада болғаннан кейін көлікті інім келісілген мекенжайға апарып берді, бірақ автовозға тиеліп жатқанын көрмеген. Алаяқтар түнде жолға шығамыз деп сылтауратқан. Алайда олар ініме көлікті қабылдап алғаны туралы АКТ берген. Кейін құжатты мұқият қарап отырсақ, онда фирманың мәліметі жоқ, тек көлігімнің мәліметі жазылған. Демек бұл - күші жоқ, жай ғана қағаз. Інім көлікті тапсырып жатқанда толық видеоға түсіріп шықты. Онда қабылдап алған адамның түрі де анық көрінеді", - дейді Назерке Сұлтанбек.
Назерке Сұлтанбектің жеке архивінен
Кейіпкердің айтуынша, алаяқтар ақшаны сол күні толық аударуын сұраған. Алаяқ өзінің банк картасын, жеке куәлігін жіберген. Ал Назерке тасымал үшін 70 мың теңге төлеген.
"Сөйтіп алаяқтар жолға шыққандай болады. Олар 7 ақпанда келуі керек еді. Со күні Қарағандыда көлік бұзылып, тұрып қалғанын айтты. Арада тағы 5 күн өткеннен кейін байланысқа шықпай қойды. Ал бір апта өткеннен кейін "кешіріңіз, көлігіңіз ұрланды. 2 миллион теңге жіберсеңіз, оның қайда екенін айтамыз" деп хат жазды", - дейді кейіпкер.
Назерке Сұлтанбек бұл жағдай бойынша дереу Алматыда Наурызбай ауданы Полиция басқармасына арызданған. Алайда қанша күн өтсе де бұл іс бойынша жаңалық жоқ.
"Таныстарым арқылы көлікті қабылдап алған адам, жеке куәлігі көрсетілген адам туралы толық ақпарат тауып алдым. Ал полиция қызметкерлері жаңалық жоғын айтты. Мен қолда бар ақпаратты полицейлерге бердім. Кейін бұл жеке куәлік Астанадағы қарапайым автобус жүргізушісінікі екенін білдім. Оның бұл іске түк қатысы жоқ екен. Ал видеодағы адам - бар болғаны дроппер, оның да ақшасы жоқ, жай тапсырма орындаушы екен. Сонымен жағдай тынышталып қалды. Кеше дәл менің жағдайыма тап болған 30 шақты адам тауып алдым. Әр деталь, әр қадам, сценарий бірдей. Бұл кеше басталған жүйе емес, мұның барына бірнеше жыл болған", - дейді ол.
Бір қызығы, алаяқтар көлікті бір жерден алып кетіп отырған. Назерке мұндай схеманың кесірінен көліксіз қалған бірнеше адаммен сөйлескен. Олар да көліктерін осы көшеге әкелгеннен кейін ұрлатқанын айтқан.
Өкінішке қарай, көлігін іздеп тапқандар да әлі әділдікке қол жеткізе алмай, алаяқтармен соттасып жүр.
Демек схема былай: алаяқтар сайт арқылы әлеуетті құрбанды таңдайды. Кейін көлікті кешкі 6-7 шамасында арнайы мекенжайға әкелуін сұрайды. Содан көлікті түнде автовозға жүктейміз дейді. 2-3 күн жолда келе жатқандай кейіп танытады да, кейін жүк көлігі бұзылады. Одан соң қоңырауларға да, хабарламаларға да жауап бермей қояды. Ал бірнеше күн өткен соң "көлігіңізді қайтарғыңызы келсе, ... миллион аударып жіберіңіз" деп ақша бопсалайды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Massaget.kz тілшісі бұл оқиғаға қатысты Алматы Полиция департаментіне сауал жолдады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек