Павлодардағы ескі "Запорожецпен" апатқа ұшыраған қария түсірілген видео әлеуметтік желі қолданушыларын елжіретті. Адамдар зейнеткерге аяушылық танытып, көмек ретінде ақша жинап бастаған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Оқиға орнынан түсірілген кадрлар Instagram-да пайда болды. Бірнеше сағат ішінде жазба 35 мыңнан аса қаралым мен жүздеген пікір жинады.
"Байғұс ата. Көлігі біраз асыраған шығар", "Ақсақал кінәлі болса да, оған көмектесу керек", "Өкінішті, кейде қарт адамдар үшін мұны өткеру өте қиын", "Денсаулығына зиян келмесе болғаны, өкінішті", "Ата налып қалған, жабырқаңқы", "Қазақстандағы жалғыз қалған "Запорожец" шығар", "Атаға бүкіл қаламен көмектесейік, шынында да көлікке жинап алармыз", "Бүкіл әлем болып ақша жинайық", - дейді пікір білдірушілер.
Қолданушылардың өтініші бойынша павлодарлықтар ақша жинап бастаған. Қария алаяқтар құрығына түсіп қалмас үшін, оны іздеп тауып, ақша жинау үшін банк картасын ашып берген.
Tengrinews.kz тілшісі Ефим Никитич Купинмен сұхбаттасты.
Зейнеткердің айтуынша, ол көлігінің апаттан зардап шеккеніне қатты қынжылған, бірақ кейін павлодарлықтардың алаңдаушылығына тәнті болып, көзіне жас алған.
"Адамдар үн қатады деп күтпедім. Апат болған жерде адамдар маған жақындап, біреуі эвакуаторды шақырғысы келді, екіншісі ауруханаға апаруды ұсынды. Кейін олар ақша жинап көмектескісі келетіндерін білдім. Барлығыңа рақмет, әрине", - деді зейнеткер.
Ер адамның айтуынша, мамандығы - жүргізуші. Бүгінге дейін жол ережесін бұзғаны үшін айыппұлдар былай тұрсын, ешқандай ескертулер де алмаған. Бірақ бұл жолы ол өзін апатқа кінәлі деп санайды.
"Мен 1961 жылдан бері көлік жүргіземін, әскерде де шофер болдым. Үнемі көлікті абайлап жүргіземін, ешқашан тез жүргізбедім, барлық ережелерді сақтадым. Бірақ бұл жолы менің кінәм болды. Луначарский мен Мәшһүр Жүсіп көшелерінің қиылысында полицей көлігі өтіп бара жатты, артынан мен де ілестім, жол береді деп ойладым. Полиция көлігі өтіп кетті, ал мені соғып кетті. Соққы әйеліме тиді. Бәрі ойдағыдай болды. Ол тек аяғын жарақаттады. Өкінішті, бұл апат болмаса, көлігім әлі жүріп тұрушы еді", - деді павлодарлық.
Ол өзінің көлігін 40 жылға жуық жүргізген. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін көбіне саяжайға ғана барып тұратын. Оқиға болған күні зейнеткер қалада шаруасымен жүрген.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері Мәшһүр Жүсіп пен Луначарский көшелерінің қиылысында ЗАЗ және Toyota көліктерінің соқтығыстына түсініктеме берді.
"Жол апаты салдарынан ЗАЗ жолаушысы медициналық көмекке жүгінген. Оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі өкілдері.