- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қолдауымыз керек" –...
"Қолдауымыз керек" – Оқу-ағарту министрі елдің оңтүстігінде ашылатын орыс мектептері жайлы
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қазақстанның оңтүстігіне неге орыс мектептері қажет екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Біздің оңтүстік өңірлерде үш ауысымда оқитын мектептер көп әрі мектеп жетіспейді. Өздеріңізге мәлім, үлкен аймақ. Әрине, мұндай жерлерге мектеп салуға қолдау көрсетуіміз керек. "Жайлы мектептер" жобасы аясында белгілі бір қаржы бөлінеді, дегенмен жеткіліксіз болып отыр", - деді министр.
Ведомство басшысы БАҚ өкілдерінің "Ресей тарапынан талаптар бола ма?" деген сұрағына жауап берді.
"Бізде оқыту орыс тілінде жүретін аралас мектептер бар. Менің ойымша, кез келген мектеп тікелей біздің мемлекеттік стандарт бойынша жұмыс істеуі керек... Әрине, оқыту тілі орыс тілінде болады", - деді Ғани Бейсембаев.
Бейсембаевтың сөзінше, еліміз көптілділікті дамытып жатыр, сонда жастар бәсекеге қабілетті болады.
"Ата-аналардың көбі балаларының көп тіл білуіне қарсы емес. Сондықтан, француз немесе басқа мектептер ашылса, саясатқа әсер ететіндей қауіп жоқ", - деді ол.
Еске салайық, Ресей үкіметі басшысының орынбасары Алексей Оверчук Қазақстанның оңтүстігінде орыс тілінде білім беретін үш мектеп салынатынын айтқан еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан