Павлодардағы медициналық-әлеуметтік мекемеде мүмкіндігі шектеулі жандарды жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімдермен тамақтандырып, қолдарын қайырып ұстағаны белгілі болды. Бұл дерек жергілікті атқарушы органның жұмысын тексеру барысында анықталды, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, облыстың мыңнан аса тұрғыны әлеуметтік қызмет пен арнайы құрал-жабдықты алмаған. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қызмет көрсетуге арналған 13 миллиондық бюджет заңсыз игеріліп, ұрланған. Медициналық-әлеуметтік мекемеде жарамдылығы өтіп кеткен тамақ берілген.
"Медициналық-әлеуметтік мекемелердің бірінде қамқорлыққа алынғандарға қатыгездік көрсету дерегін анықтадық. Сонымен қатар, тексеру барысында бейнекамералардағы жазбалар алынды. Нәтижесінде, санитардың мүмкіндігі шектеулі адамды балағаттағанын, палатада қолын қайырып ұстағанын анықтадық", - дедi Павлодар облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау департаментінің жетекшісі Асхат Көкімбаев.