Қолда билет бар, бірақ ұшаққа отырғызылмайды: әуекомпанияларға жаңа айыппұл салынбақ

Қолда билет бар, бірақ ұшаққа отырғызылмайды: әуекомпанияларға жаңа айыппұл салынбақ
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Қазақстанда әуекомпанияларға жаңа айыппұл енгізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Овербукинг деген не?

Яғни "Овербукинг" үшін жауапкершілік енгізілді. Бұл – әуе кемесіндегі орындар санынан артық билет сату тәжірибесі, ол көптеген елде жиі қолданылады.

Ірі халықаралық әуе компаниялары кей жолаушылардың рейске келмейтінін болжап, орыннан артық билет сатады. Алайда барлық жолаушы ұшуға келген жағдайда кейбіреуіне ұшаққа отыруға рұқсат берілмей жатады.

"Кейінгі екі жылда Қазақстанда да бұл тәжірибе кейбір әуе тасымалдаушылары тарапынан, әсіресе, танымал бағыттарда мереке және демалыс күндері қолданылған. Жолаушылар қолында ақылы билеті бола тұра, ұшаққа отырғызылмай, балама жол іздеуге мәжбүр болған. Қоғам наразылығы артып, мәселені шұғыл шешу қажет болды", - деп жазылған Бас көлік прокуратурасы хабарламасында.

Енді не өзгереді?

Бұрын билет болғанымен, бортта орын берілмеген жағдайда жауапкершілік тек халықаралық рейстерге қолданылатын.

Прокуратураның ұсынысы бойынша Парламент Мәжілісі Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекске өзгерістер енгізу мәселесін қарап, жауапкершілікті ішкі рейстерге де қолдануды мақұлдаған.

Енді ішкі рейстерде жолаушыларды, багаж бен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.

"Жаңа нормаға сәйкес әуе тасымалдаушы 50 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін. Қабылданған шаралар әуе компанияларының қызметін бақылауды күшейтіп, жолаушылардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді", - деп жазылған хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget