ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жаңа жылдағы алғашқы жұмыс кеңесінде қолжетімді көлік қатынасын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көлік министрі Марат Қарабаев қазіргі уақытта барлық әуежайлар штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын айтты. Әуе кемелерін қабылдауға және шығаруға ешқандай шектеулер жоқ. Сонымен қатар 29-31 желтоқсан аралығында Астанада ауа райы күрт бұзылды: қалың қар жауып, боран соқты, желдің жылдамдығы секундына 26 метрге жетті. Соның салдарынан 100-ден астам рейс кешіктірілді. Қажетті шараларды қабылдау үшін әуежай, авиакомпания және метеорологиялық қызмет өкілдерінің қатысуымен жедел штаб жұмыс істеді.
Атап айтқанда, жолаушылар ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, қажет болған жағдайда медициналық қызмет көрсетілді, олардың бір бөлігі (балалар, қарттар, мүгедектігі бар адамдар) қонақүйлерге орналастырылды, балаларға аниматорлардың қатысуымен жаңа жылдық сыйлықтар мен тәттілер таратылды. Бұл ретте әуекомпаниялар 29 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында кешіктірілген және тоқтатылған рейстерге билеттер құнын 100 пайыз қайтарады.
Алдағы уақытта рейстердің ұзақ мерзімді кешігу қаупін азайту үшін әуекомпаниялар мен әуежайлар арасындағы үйлестіру күшейтіледі, атап айтқанда, күрделі метеожағдайларда жолаушыларды тасымалдау үшін іс-қимыл алгоритмін әзірлеу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, әуежайларды арнайы техникамен және құрал-жабдықтармен қосымша жарақтандыру, сондай-ақ жолаушыларға хабарламалар таратуды күшейту мәселелері пысықталады.
Мереке қарсаңында автомобиль көлігіне жүктеме айтарлықтай өсті. 28 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында еліміздің солтүстік-шығыс және орталық бөлігінде қар аралас жаңбыр жауып, желдің екпіні секундына 30 метрге дейін жетті. Жол қозғалысы қиындап, 13 облыста 107 қысқа мерзімді жол қозғалысына шектеу қойылды.
Жағдайды тәулік бойы бақылап, қажетті шараларды қабылдау мақсатында жедел штаб жұмыс істеді. Жол қызметтері әкімдіктермен және полициямен бірлесіп, Астана мен Қарағанды, Астана мен Көкшетау арасында 47 автоколоннаны алып жүруді ұйымдастырды. Бұл қолайсыз ауа райы жағдайында 42 мың көліктің өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бұл ретте жабылған жолдарды тәулік бойы тазалауға 422 бірлік жол-пайдалану техникасы және 700-ден астам адам жұмылдырылды.
Мереке күндері жолаушыларды т/ж көлігімен тасымалдау тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жоғары сұранысқа ие пойыздарда орын саны ұлғайтылды. 12 бағыт бойынша қосымша 296 тіркеме вагон жіберілді. Астана – Алматы – Астана және Астана – Шымкент – Астана бағыттары бойынша қосымша пойыздар жұмыс істеп жатыр. Астана – Көкшетау, Астана – Бурабай, Астана – Атбасар және Павлодар – Астана бағыттары бойынша 6 қосымша қала маңындағы пойыз іске қосылды.
Өңірлерде қабылданған шаралар туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев және Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов баяндады.
Премьер-министр 25 желтоқсаннан бастап Қазақстанның барлық өңірінде ауа райы күрт бұзылғанын атап өтті. Ауа райына байланысты 150-ге жуық ескерту жарияланып, көлік жолдарында қозғалыс тоқтады және шектелді.
"Жалпы орталық және жергілікті мемлекеттік органдар үйлесімді жұмыс жүргізді. Сондай-ақ қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін жекелеген ведомстволар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту керек", - деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы барлық үйлестіру штабының жұмысын жандандыруды, көлік жолдары мен елді мекендердегі көшелерді қардан тәулік бойы тазартып отыруды, сондай-ақ жолаушыларды жылыту бекеттеріне шұғыл эвакуациялау үшін көлік құралдарының қорын қалыптастыруды талап етті.
"Көлік министрлігі мен "ҚазАвтоЖол" компаниясы республикалық және халықаралық маңызы бар автожолдарда қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етуді ерекше бақылауға алуы керек. ТЖМ Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, қолайсыз ауа райы туралы халықты алдын ала хабардар етуге тиіс", - деді Премьер-министр.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов шектеулер кезінде көлік құралдарының қозғалысына жол бермеу жөніндегі жұмысты күшейтуді және қажет болған жағдайда арнайы техниканы күрделі жол учаскелеріне жедел жіберуді тапсырды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!