- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қол неге дірілдейді?...
Қол неге дірілдейді? Невролог мүмкін себептерін атады
Таңертең қол дірілдеуін көпшілік мастықтың салдарымен байланыстырады. Алайда бұл проблема алкоголь ішпейтіндерде де пайда болуы мүмкін. Невролог Юлия Денисова неліктен қол дірілдейтінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Доктор Питер"-ге сілтеме жасап.
Қолдың дірілдеуі қалыпты жағдай ма?
Қолдың дірілдеуін (тек қол емес, аяқ, дене, бас дірілдеуін) медициналық ортада "тремор" терминімен атайды. Бұл бұлшықет топтарының жиырылуы нәтижесінде пайда болатын және іс жүзінде санамен басқарылмайтын қайталанатын қозғалыстар. Яғни, адамдар қолдарының дірілдегенін өздері байқамауы да мүмкін, бірақ айналасындағылар бірден көреді.
Қолдың дірілдеуі барлық кезде бірдей ауыр патология емес. Физиологиялық тремор деген нәрсе бар, мысалы, қорықққанда, бұлшықеттер шамадан тыс жұмыс істегенде немесе уланғанда қол дірілдейді. Бұлшықет реакциясын тудырған фактор жойылғаннан кейін, діріл де кетеді.
Мұндай тремордың негізгі белгілері: ол тек қолдар немесе аяқтар аймағында пайда болады, діріл өздігінен кетеді, күнделікті тапсырмаларды орындай аласыз.
Қандай жағдайда ол патология?
Дірілдеу (тремор) — ең көп таралған қозғалыс ауруы. Бұл дененің ырғақты, еріксіз қозғалысы.
"Треморлардың көпшілігін олардың тыныштықта немесе әрекет кезінде пайда болуына қарай бөлуге болады", - дейді сарапшы.
Мұндай діріл мен физиологиялық дірілдің негізгі айырмашылығы - себеп анықталғанға дейін симптом жойылмайды. Сонымен қатар, мұндай тремор айқын болады және бұл әдеттегі өмірге және күнделікті әрекеттерді орындауға кедергі келтіреді.
Бұл ауру емес, симптом
Тремор ауру емес, патологияның бір ғана көрінісі. Мысалы, қолдың дірілдеуі көптеген аурулармен бірге жүреді, мысалы:
- Паркинсон ауруы;
- эссенциалды тремор (қолдың немесе дененің басқа бөліктерінің тұқым қуалайтын дірілі);
- склероз;
- невроздар;
- жүйке жүйесінің дегенеративті және тұқым қуалайтын аурулары.
Сондай-ақ, қол мен дененің діріліне эндокриндік жүйенің аурулары (қалқанша безінің гормондарының деңгейінің жоғарылауы, қан глюкозасының төмендеуі және т.б.) немесе бүйрек үсті безінің, гипофиз-гипоталамус жүйесінің бұзылуы себеп болуы мүмкін.
Бірақ көптеген адам ұзақ уақыт бойы "қолы дірілдесе - ол маскүнем" деген стереотипке сеніп келді. Бұл әркез олай емес. Десе де, алкогольді көп және ұзақ ішкен адамдардың да шынымен қолдары дірілдейді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жапатова