Елордада үш жігіт дүкен тонап, сатушы әйелдің қол-аяғын скотчпен байлап тастаған, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"102" нөміріне Астананың 54 жастағы тұрғынынан белгісіз адамдар Затаевич көшесіндегі дүкенді тонап кеткені туралы хабарлама келіп түскен.
"Тергеу барысында сағат 01:35-те дүкенге медициналық маска мен қолғап киген үш жігіт келгені анықталды. Клиент кейпінде олар сатып алатын заттарын таңдап жүргендей болып, сөредегі тауарларды қарап жүрген. Кейін кассада тұрған сатушы әйелге жақындап, оны ұстап алып, аузын қолымен жапқан. Сосын жәбірленушінің қол-аяғын скотчпен байлап тастаған. Кассадан 100 мың теңге сомасында ақша ұрлап, қашып кеткен", - делінген хабарламада.
Ер адамдарды анықтауға полицияның жеке құрамы бағытталды. Іздестіру іс-шараларын жүргізу және бейнебақылау камераларын тексеру барысында қолда бар белгілер бойынша Сарыарқа ауданының ПБ полиция қызметкерлері ұрланған өнімдерді тәркіледі.
23, 27 және 32 жастағы елордалық тұрғындар "ізін суытпай" анықталып, полицияға жеткізілді. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Тонауға қатысқандар Астана ПД Уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұл дерек бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп, елорда аумағында бұрын жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!