17 жыл бойы құлдықта болған қыздардың бірі Құндыздың желіде тараған суреті қоғамды алаңдатып қойды. Бұл жағдайға қатысты Жамбыл облысы Полиция департаменті өкілі жаңа деректі айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жуырда желіде 17 жыл құлдықта болған қыздың жантүршігерлік суреті тарап кетті. Кадрда қыздың қол-аяғы, аузы скотчпен оралғаны көрінеді. Оқиға Таразда болған.
Сонымен қатар, Құндыз бен Назгүлді қамқорлығына алған әйел асырап алған балаларын ұрғаны да хабарланды. Кадрларда әйел кішкентай қыздың шашын жұлып, басқа балаларды да ұрып жатқаны көрінеді.
"Бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігі (Қинау) және 140-бабы 3-бөлігі (Екі немесе одан да көп кәмелетке толмағанға қатысты тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша соталды тергеу басталды. Балалар медицина қызметкерлерінің тексерісінен өткізіліп, мамандандырылған балалар мекемесіне орналастырылды. Сондай-ақ, қамқорлықтағы тағы екі азамат №5 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жеткізілді", - деді полиция.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.
"Тергеу барысында болған жағдайдың барлық мән-жайы жан-жақты, толық зерделеніп жатыр. Қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады", - деді өңір полициясы.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз