Семейде қоқысты дұрыс төкпейтін техникаларды сурет немесе видеоға түсірген адамдарға сыйақы беріледі. Бұл туралы Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Абай облысының орталығы Семейде қала әкімдігінің бастамасымен 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында тазалық айлығы жарияланды. Алдағы сенбіден бастап қаладағы кәсіпорындар, мекемелер, бизнес нысандары, көпқабатты үй тұрғындары өз аумақтарын тазалауы тиіс. Бұл қоршаған ортаны қорғау, зиянды қалдықтардан сақтау, өңір экологиясы мен тазалығын бақылауда ұстау үшін зор септігін тигізбек. Тұрғындарды ынталандыру арқылы да табиғатты сақтаудың тиімді жолдарын қарастыруға болады.
"Семей қаласы облыс орталығы болғандықтан таза болғаны дұрыс. Тұрғындарды сенбілікке белсенді қатысуға шақырамын. Экологияға бей-жай қарамайтын азаматтарды ынталандыруға да дайынбыз. Мәселен, қоқыс төгетін техникалар өз міндетін дұрыс атқармаса, оны сурет немесе видеоға түсіріп, біздің Желіге жіберуге болады. Ондай адамдарға сыйақы береміз, арнайы естелік сыйлықтар табыс етеміз", - дейді қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов.
Әкімдік бастамасымен қолға алынған биылғы көктемгі жалпықалалық сенбілік 1 сәуір күні өтеді. Оған 3 мыңнан астам кәсіпорын мен 10 мыңға жуық қала тұрғыны қатысады деп күтілуде. Санитарлық тазалауды және қоқысты жинауды қамтамасыз етуге арнайы техника, оның ішінде 20 тиегіш пен 50 самосвал көлігі жұмылдырылмақ.
Айбын Алтай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!