Алматыда ECO Network экохабы ашық есік күнін өткізді. Бұл хабта экологиялық жобалардың тоғысын тамашалауға болады. Massaget.kz тілшісі құны жүз теңгеге татитын пластиктен жасалған экокоин токендері, пластикті ұнтаққа айналдырар велошредер құрылғысы және әйнек сынықтарынан жасалған қымбат әрі ерекше раковина сияқты экологиялық өнімдерді көріп қайтты.
Алматы қаласындағы экохаб қалдықтарды қайта өңдеуді жаңа деңгейге шығарды. Хабта тұрғындар пластикті тапсырып, оны өңдеп, соңында жасалған өнімдерді қолданып көре алады. Бұл жерде пластикті ұсақтап, қайта өңдеп, тұрмыстық және сәндік заттар жасаудан бастап, экологиялық тыңайтқыштар өндірісіне дейінгі толық цикл жүзеге асады.
© Суретте: Сананың улануы арт объектісі
Экохаб ашық есігінің символы "Сананың улануы арт объектісі". Ұйымдастырушылар телефонға толығымен кіріп кеткен адамның фигурасы біздің табиғаттан алыстап кеткенімізді көрсетеді дейді. Ал фигураны қаптап тұрған қоқыс планетаның ластану мәселелерін елемей, өз қолымызбен жасайтын экологиялық апаттың метафорасын береді екен.
© Суретте: Велошредер
© Суретте: Өңделген пластиктен қалып құю қондырғысы
Экохабтың кіреберісінде көзге бірден велошредер түсті. Велосипед пішініндегі бұл құрылғының мақсаты - пластикті ұсақтау. Қолданылуы да қарапайым: келушілер педальды басып, өздері әкелген пластикті ұсақтайды. Бұл ұсақталған пластик кейін арнайы қондырғыларға қайта өңдеуге жіберіліп, одан жаңа өнімдер жасалады.
© Суретте: Фондомат
Велошредердің жанында фондомат орналасқан. Бұл құрылғыға келушілер пластик бөтелкелер мен алюминий банкілерді өткізіп, ақшалай сыйақы алады. Әр бөтелке немесе банкі үшін ақша мөлшері сол күнгі қайта өңдеу зауыттарының бағаларына байланысты өзгеріп отырады. Біз құтыларды 4 теңгеге өткіздік.
© Суретте: Экокоин
Экохабтағы тағы бір ерекше жоба - экокоин токендері. Бұл токендер қайта өңделген пластиктен жасалып, оларды әртүрлі экологиялық тауарларға айырбастауға болады. Әрбір экокоин 100 теңгеге тең, ал токендерді жинақтап, экологиялық таза өнімдерге, мысалы, био тыңайтқыштар немесе экологиялық тұрмыстық заттарға айырбастауға болады. Токендерді жинау үшін қалалық арнайы кофеханаларда (кофе неделя) өз ыдысыңызды пайдалану ұсынылады екен. Бұл жоба қалдықтарды азайтуға және экологиялық өмір салтын насихаттауға бағытталған.
© Суретте: Шыны қалдықтарынан жасалған раковина
Экохабта көрсетілген тағы бір ерекше өнім - әйнек сынықтарынан жасалған раковина. Бұл раковина экологиялық таза өнім. Оның құны 250 000 теңге. Шыны қалдықтарын қайта өңдеу арқылы жасалған бұл раковина тек экологиялық тұрғыдан тиімді емес, сонымен қатар дизайны жағынан да ерекше. Ұйымдастырушылар бұйым таза қол жұмысы болғандықтан бағасы қымбат дейді.
© Суретте: Қайта өңделген пластиктен жасалған бұғы
© Суретте: Үстел де, оның үстіндегі заттар да пластиктен
Пластикті қайта өңдеу арқылы түрлі сәндік бұйымдар да жасалады. Мысалы, жаңа жылдық шырша немесе бұғы пішініндегі декорациялар қытайлық ойыншықтарға балама бола алады. Бұл заттар экохабтағы пластиктің қайта өңдеу циклінен өтетін соңғы өнімдерінің бірі.
© Суретте: Евгений Мұхамеджанов
Евгений Мұхамеджановтың айтуынша, бұл жобаның негізгі мақсаты - қалдықтарды қайта өңдеуді насихаттап, тұрғындарды экологиялық мәдениетке баулу.
"Біз адамдарға қалдықтардың жаңа өмірге қалай ие болатынын көрсеткіміз келеді. Пластиктен жасалған экокоиндер - осының бір мысалы. Әр адам табиғатқа пайдалы іс жасауға өз үлесін қосып, экологиялық өмір салтына қадам жасай алады. Біздегі жасалып жатқан жаңа жылдық декорлар, қытайлық ойыншықтардан әлдеқайда жақсы", - дейді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз